Президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық аумағында іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына табиғаттың шынайы қазынасы болған «Ақсу-Жабағылы» қорығы телекөпірге қосылды.
Іс шара Ақсу Жабағылы мемлкеттік ұлттық қорығының қору аймағында Талас Алатауының әсем көрінісі ашылатын, теңіз деңгейінен 1490 метр биіктікте орналасқан, Жетісай шатқалында өтті.
Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен 1926 жылы 14 шілдеде құрылды.Қорықтың жер көлемі 131 934,3 гектар.
Қорық аумағы - Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатыр. Түркістан облысының Түлкібас, Төле би және Бәйдібек аудандары және Жамбыл облысының Жуалы ауданы жерімен шектеседі. Қорықтың құрамына «Әулие» және «Қарабастау» палеонтологиялық бөлімдері кіреді.
2015 жылдың 9 маусымында Париж қаласында ЮНЕСКО –ның «Адам және биосфера» бағдарламасында Халықаралық үйлестіру кеңесінің 27 сессиясында Дүниежүзілік ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар тізіміне енгізілген.
Сонымен қатар, 2016 жылы 17 шілдеде Ақсу-Жабағылы қорығы орналасқан Трансшекаралық Батыс Тянь – Шань тау жүйесі Дүниежүзілік мұра тізіміне енген.
Қорықтың табиғи мұрасы - жануарлар әлемі өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарлардың бай қазынасына толы. Қорық аумағында құстың 299, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қос мекенділердің 3 түрі мекендейді. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар саны – 9 (Тянь-Шань қоңыр аюы, қар барысы, Түркістан сілеусіні, Үнді жайрасы, Орта Азия тас сусары, арқар, қызыл қасқыр және т.б. ).
Қорық өсімдіктер дүниесі де өте бай. Қорық аумағында мүктің 63, қынаның 63 -тен астам, балдырдың -64, саңырауқұлақтың 235, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі өседі, соның ішінде бұтаның 62 түрі, ағаштың 17 түрі кездеседі. Бұл бүкіл Қазақстанның өсімдік құрамының төрттен бірі. Қазақстан Республикасы Қызыл кітабына енген өсімдіктер түрлері - 41 (Грейг қызғалдағы, Сиверс жабайы алмасы, Алатау бәйшешегі, көкшіл шиқылдақ, қара арша, Кавказ таудағаны, т.б.)
Биыл еліміздің табиғат қорғау саласының қара шаңырағы – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бұл Қазақстанның экологиялық тарихындағы айтулы белес.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акция аясындақорық аумағына 1000 ағаш көшетін отырғызылды. Акцияға жалпы қорық қызметкерлері, ғалымдар, студенттер, оқушылар, волонтерлер қатысты.
Біздің басты мақсатымыз – Ақсу мен Жабағылы өзендері бастау алатын, жүздеген мұздықтары мен тау көлдері бар осы киелі өңірдің табиғи болмысын сақтап, оны болашақ ұрпаққа бұзылмаған күйінде жеткізу болып табылады.