Павлодар облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелдіұлының айтуынша, 4 жыл бұрын 686 миллион теңгеге жүргізілген су жүйесі алғашқы күннен бастап толыққанды жұмыс істемеген. Негізгі мәселе — Достық ішінде салынған су стансасына су жетпеген. Соның салдарынан көрші Береке ауылындағы резервтік құбырдан желі тартылып, мұндағы стансаға уақытша қосуға мәжбүр болады. Алайда бүгінгі күнге дейін мәселе толық шешімін таппай, ауыл Берекенің резервтік құбырына әлі де жалғанып тұр.
— Елді мекен тұрғындары орталықтандырылған ауызсудың жиі жоғалып кететінін растаймыз. Биылғы сәуір айында біраз күндер сусыз отырып қалдық. Алда жаз мезгілі келе жатыр. Көпшілік бау-бақшаларын суара бастағанда қысым күрт төмендеп, тіршілік нәрі жетіспей қалады. Бұл соңғы төрт жыл бойы бойы жалғасып келе жатқан келеңсіз жайт, — дейді Достық ауылының тұрғыны Болатхан Аманжол.
Мұндай мәселе Береке ауылында да қалыптасқан. Жергілікті тұрғын Серікжан Сайлауұлы 2022 жылы резервтік құбыр өзге көрші ауылға жалғанғалы ауызсудан береке кетіп тұр дейді.
Жалпы бұл жоба әу бастан-ақ шикі болғаны байқалады. Депутаттың сөзінше, жер жағдайы дұрыс зерттелмеген, судың бұл жерде жоқ екеніне назар аударылмаған. Жобада тіпті су жинайтын мұнара да қарастырылмаған. Салдарынан Береке ауылынан су тартатын сорғы 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Берекеге су Сәтбаев атындағы канал жанынан қазылған скважинадан келіп тұр. Ондағы су стансасына екі құбыр енеді, оның бірі резервтік құбыр. Дәл сол резервтік құбырды ақсулық шенеуніктер Достыққа бұрып жіберген. Егер екі ауылдың біріндегі орталық құбырда апаттық жағдай бола қалса, ауызсу беру тоқтап қалады. Резервтік құбыр деген атымен жоқ.
— Екінші мәселе, ауыл адамдары тәулік бойы ауызсу тұтынбайтыны мәлім. Алайда су үздіксіз келіп тұр. Сорғыда айналым жүйесі немесе су жинайтын мұнара қарастырылмаған себепті, ар жақтан келіп жатқан артық суды далаға айдап, құр босқа төгіп жатыр. Өзіңіз ойлап қараңызшы, күн сайын тонналаған литр су құр босқа жерге төгіледі. Ол ауыл айналасына жайылып, ми батпаққа айналып үлгерген. Батпақты жерлер балалар мен үй жануарлары үшін қауіпке айналғалы қашан. Шын мәнінде «артық қыламыз деп, тыртық қылған» жоба иелері ауыл маңындағы экологиялық жүйеге орасан зор зиян келтіріп жатқаны байқалады. Ақсу қаласының басшылығы мен ауыл әкімдігі бұл мәселені әлі күнге шеше алмай отырғаны таңғалдырады. Тіпті төгіліп жатқан суға кеткен шығынды қалай өтейтіні де беймәлім, — дейді депутат Маханбет Амангелдіұлы.
Су жоқ жерден сорғы стансасын салған мердігерге қазынаның қыруар ақшасын төлеп, сайып келгенде үлкен мәселе тудырып қойған атқамінерлер жазасыз қалмауы керек деп есептейді тұрғындар. Айтуларынша, бұл жерде үлкен заң бұзу бар. Ал билік өкілдерінің ауыл маңайынан суы мол скважина қазамыз деген уәдесі сол күйінде қала берген.
Тағы бір кемшілік, екі ауылдың су жүйесі ортақ су есептегіш пен ортақ электр желісіне жалғанған. Талапқа сәйкес жобада олар бөлек-бөлек болуы керек еді. Бұл кемшілікті де кезінде арнайы комисся қалай байқамағаны таңғалдырады. Одан соң ауызсу тарифінің қалай түзіліп отырғаны да белгісіз.
Мәселені зерделей келе, мынадай бір қызық жайтқа кезіктік. «Адал» фермерлік шаруа қожалығы бұдан біраз жыл бұрын жақын жердегі канал маңынан (скважинадан) тартылған су құбырын сатып алып, жөнге келтіріп, ауылды ұзақ уақыт ауызсумен қамтамасыз етіп тұрған. Кейбір жылдары қожалық ауызсуды тіпті тегін де беріп келген. Алайда уақыт өте келе құбырлар ескіріп, оны жөндеу қажет болады. Шаруашылық басшысы Ардақ Нұрғазин депутаттар мен билік өкілдеріне аз қаражатқа құбыр мен жергілікті ескі стансаны жөндеп, өзіне сенімгерлік басқаруға беруді ұсынады. Бастапқыда оның ұсыныстарын құптаған шенеуніктер арада біраз уақыт өткенде шешімдерін күрт өзгертіп, су жүйесін жаңадан салуды ұйғарады.
— Каналдан келіп тұрған су ішуге толық жарамды еді. Ауыл тұрғындары оны ұзақ жыл тұтынып келді, сапасына қатысты шағым болған емес. Кеңес өкіметі кезінде салынған жүйе канал суын жолай өздігінен тазартып, ішуге жарамды етіп жеткізеді. Ешқандай сүзгі орнатудың қажеті жоқ. Жаңадан су жүйесі салынып жатқанда мен станса орналасатын жерде су жоқ екенін, бұл аумақты бұрын инженерлер барлағанын мердігерге ескерттім. Мердігер «Ай-Су Мелиорация» ЖШС-ның өкілдері менің сөздеріме пысқырып та қарамады. Жаңа сорғы қосылғанда сол тұстағы қала басшысының орынбасары Марат Зеңовтен «канал суын тоқтата берейін бе» деп сұрадым. Ол: «Ойбай, Әбеке, құбырды жаба көрмеңіз, мына жерден су шықпай қалды. Әзірше суды сізден ала тұрамыз» деп өтінді. Содан мемлекеттің қыруар қаржысына тұрғызылған жаңа стансаға бір жылға жуық уақыт тегін түрде су айдап тұрдым. Оған тұрғындар куә. Кейін билік өкілдерінің айтуымен тоқтаттым, — дейді кәсіпкер Ардақ Нұрғазин.
Қазіргі уақытта «Адал» фермерлік қожалығына қарасты 7 шақырымдық канал құбыры әбден тозып, пайдаланусыз тұр. Оны жөндеп, қаншама суармалы жерлерді іске қосуға болар еді. Алайда Ақсу қаласының басшылары шаруашылыққа жыл сайын жер бөлеміз деп уәде етумен келе жатқан көрінеді. Салдарынан кәсіпкер сатып алған инфрақұрылым далада босқа шіріп жатыр.
Мәселенің ізімен тапсырыс беруші — Ақсу қаласының құрылыс бөліміне хабарластық. Мемлекеттік мекеменің жазбаша жауабында Береке және Достық ауылдарындағы ауызсу жүйесі Достық ауылдық округінің балансында тұрғаны айтылады.
— Достық ауылындағы су құбырын реконструкциялау жобасы 2019 жылы әзірленді. Жобалаушы ұйым — «Строй Экс Проект». Жоба аясында Достық ауылының сумен жабдықтау желілерін реконструкциялау, сондай-ақ І және ІІ көтерілімдегі сорғы стансаларын (ұңғыма, көлемі 100 м³ резервуар, КТП) орнату қарастырылды. 2021 жылғы қаңтар айында конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер ұйым ретінде «Ай-Су Мелиорация» анықталды. 2021 жылғы ақпан айында «Ай-Су Мелиорация» ЖШС-мен 574 380 311,9 теңге сомасына мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалды. Техникалық қадағалауды «Бестау-С» ЖШС жүзеге асырды. Шарт сомасы — 17 576 037,25 теңге. Авторлық қадағалауды «ИНВЕСТ-ПВ» ЖШС жүзеге асырды. Шарт сомасы — 6 382 003,0 теңге. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2021 жылғы мамыр айында басталып, 2022 жылғы қараша айында аяқталды. Нысанды пайдалануға қабылдау актісі 2022 жылғы 14 қарашада рәсімделді, — делінген ресми жауапта.
Қабылдау актіне жоғарыда аты аталған компаниялар мен Ақсу қаласының құрылыс бөлімінің өңілдері қол қойған.
Құрылыс бөліміндегілер сондай-ақ Достық ауылы суды Береке ауылынан тікелей алмайды, бұл екі елді мекеннің әрқайсысының өз су жүйесі бар деп мәлімдеп отыр.
— Әр ауылда жеке су сорғы стансасы жұмыс істейді және су сол жердің жергілікті су көздерінен немесе ортақ су инфрақұрылымы арқылы беріледі. Сондықтан бір ауыл екіншісінен тікелей су тасымалдамайды. Достық ауылы тұрғындары үшін ауызсу тарифі 350,34 теңге (бір текше метр үшін). Достық ауылында 159 аула (505 адам), Береке ауылында 347 аула (1409 адам) бар. Ауылға судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін І және ІІ көтерілімдегі насос стансалары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл жүйеде су мұнарасы қарастырылмағандықтан, су қысымын және қажетті көлемді тұрақты ұстап тұру тікелей сорғы жұмысы арқылы жүзеге асырылады. Сол себепті су беру процесінің үзіліссіз болуы үшін қондырғылар 24 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істейді, — деп атап көрсеткен бөлім өкілдері.
Сондай-ақ жауапта айдалаға айдалып жатқан суға жұмсалатын электр қуаты бойынша шығындарды төлеу баланс ұстаушы ұйыммен немесе қызмет көрсетуші (пайдаланушы) ұйыммен шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырылатыны көрсетілген. Су топыраққа сіңіп, жерге жұтылып жатқаны қоршаған ортаға немесе ауылға ешқандай экологиялық қауіп төндірмейді деп сендіргісі келеді әкімдік өкілдері. Дейтұрғанмен су қысымының төмендеуі негізінен жаз мезгілінде, жеке аулалардағы бау-бақшаларды қарқынды суару кезінде су тұтыну көлемі артқандықтан уақытша байқалып қалатынын жасырмайды. Аталған мәселені шешу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Атап айтқанда, қысым датчигі, яғни реттегіш орнатылған. Алайда жауапта екі ауылдың ортасына салынған құбыр қалай, қандай қаражатқа салынғаны айтылмапты.
Әкімдік өкілдерінің жауабына қарап, шикі жобаның зардабын тартып отырған Достық пен Береке ауылдарындағы ауызсу мәселесі жуық уақытта жақсарып кетпейтініне көзіміз жетті.
Негізі Достық ауылдық округінде кемшілік бұл бір ғана емес, бұған дейінгі жылдары ауылда бірнеше жаға ұстатарлық жайттар болған. Соның бірі — ауылдық әкімдік бос тұрған мектеп ғимаратын аукционға шығарып, нысан бір бөлке нанның құнына сатылып кеткен еді.
Маханбет Амангелдіұлы Достықтағы су құбырының мәселесі бойынша қазіргі уақытта облыстық прокуратураға депутаттық сауал жолдағанын мәлім етті. Пайдаланылмаған ауыз судың сұраусыз далаға ағып, ысырап болып жатқанына, мемлекет қаражатына салынып, бүгінде өзге ауылдың жүйесіне телміріп қалғанына сол тұста жобаны қабылдап алған лауазымды тұлғалар жауап беруі керек деп есептейді.
Жоғарыда айтқандай, тарифтің де қандай негізде түзіліп отырғаны беймәлім. Сорғы күні-түні айдалаға айдап жатқан судың шығыны кімнің есебінен жабылып отырғаны тағы белгісіз.
Бұған дейін Ертіс өзенінде майлы дақ байқалып, тұрғындар ауызсуға қауіп төнді деп үрейленген еді.