«Шығыс-Батыс бағытында Транскаспий көлік дәлізінің Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз етудегі рөлі артты. Біз Қытай-Қазақстан-Әзербайжан-Грузия-Түркия және одан әрі Еуропа бағыты бойынша Транскаспий халықаралық көлік бағытын іске қостық. Сондай-ақ, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Румыния және Польша сияқты елдердің теміржол, теңіз әкімшіліктері мен логистикалық операторларының қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік маршрутының халықаралық қауымдастығы құрылды. Бұл Орталық Азия, Қытай, Кавказ, Түркия және Еуропа арасындағы жүк ағынының ең қысқа жолын ашты», - деді Қасым Тілепов Kazakhstan Global Investment Roundtable-2022 атты жаһандық инвестиция жөніндегі дөңгелек үстелдің жалпы отырысында.
Оның мәліметі бойынша, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүкті ауыстырып тиеу көлемі 2,4 есе өскен.
«Өсіп келе жатқан жүк ағыны Қазақстан аумағында да, бүкіл маршрут бойында да «тар өткелдер» бар екенін көрсетті.
ҚР аумағы бойынша айтсақ:
- магистральдық теміржол желісінің жекелеген учаскелерінде бір жолды учаскелер және электрлендірудің болмауы;
- жылжымалы құрамның тапшылығы, жеке паром флотының болмауы;
- контейнер паркінің жетіспеуі;
- порт инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы (крандар, ричстакерлер);
- Каспийдің түбін тереңдету жұмыстары сияқты қажеттіліктер бар екенін көріп отырмыз. Біз осы проблемалардың бәрін зерттедік, енді оларды жою үшін тиісті шаралар қабылдап жатырмыз», - деді комитет төрағасының орынбасары.