Үкіметтің бапасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-министрлер кәсіпорын аумағын аралап, нысан инфрақұрылымы мен порттың өндірістік қуатын қарап шықты.
Ақтау халықаралық теңіз сауда порты – Қазақстандағы ең ірі теңіз торабы және Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі нысандарының бірі. Жалпы ауданы 44 гектарды құрайтын кәсіпорын жылына шамамен 12 млн тоннаға дейін жүк өңдеуге қауқарлы. Порт Кавказ, Орталық Азия және Каспий өңірі елдері бағытында жыл бойы тұрақты тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі өңірдің теңіз инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті.
2025 жылы Қазақстан Каспий маңы мемлекеттері арасында бірінші болып Құрық портының акваториясында түбін тереңдету жұмыстарын аяқтады. Ақтау портындағы осындай жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл жүк тиелген кемелердің қауіпсіз кіруін қамтамасыз етуге, өткізу қабілетін арттыруға және порт қуатын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев Ақтау және Құрық порттары инфрақұрылымының жиынтық қуаты жылына шамамен 22 млн тоннаны құрайтынын баяндады.
Контейнерлік тасымалдау сегментінде тұрақты өсу байқалады. 2022–2025 жылдары Қазақстан порттары арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша контейнерлік транзит 3,8 есе өсті. Тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайту үшін порт қуаттары дәйекті түрде кеңейтіліп, теміржол тәсілдері жаңғыртылып жатыр. Ақтау портында қуаты жылына 140 мың ЖФЭ контейнерлік хабтың бірінші кезегі пайдалануға берілді, екінші кезекті жүзеге асырғаннан кейін 2027–2028 жылдары оның жалпы қуаты 240 мың ЖФЭ-ға дейін ұлғаяды. Теңіз тасымалын кеңейту үшін алты контейнерлік кеменің құрылысына тапсырыстар берілді, оның төртеуі 2027 жылы, тағы екеуі 2028 жылы жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Шалқар – Бейнеу және Бейнеу – Маңғыстау учаскелеріндегі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту аяқталып, Ақтау және Құрық порттарына жүктерді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тасымалдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Мәселен, 2025 жылы Ақтау және Құрық порттары арқылы Өзбекстан жүктерін өңдеу көлемі 60%-дан астамға артты. Жүк жөнелтушілер үшін қолайлы тарифтік жағдайлар жасалған. Дамыған теміржол және порт инфрақұрылымы жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев теңіз және теміржол инфрақұрылымын дамытуға басымдық береді. Маңғыстау облысы транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары, стратегиялық маңызды аймақ болып саналады. Біздің міндетіміз – Орталық Азия елдерінің жүктерінің Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтарына жылдам әрі сенімді шығуын қамтамасыз ету. Қазақстан Ақтау және Құрық порттары арқылы Өзбекстанның экспорттық жүктерінің транзитін кеңейтуге дайын, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Өзбекстан темір жолдары» АҚ бірлесіп, тасымалдау көлемін ұлғайту бойынша нақты жоспар әзірлеуін тапсырды.
Осыған дейін елімізде Ақтау портының әлеуеті арттырылып жатқаны туралы жаздық.