Ақтау теңіз портының президенті тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтау халықаралық теңіз сауда портының президенті тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқармасының шешімімен «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ президенті лауазымына Түрікпенбаев Абай Ноғайұлы тағайындалды»,-деп атап өтілген ұлттық компанияның сайтындағы хабарламада.

Түрікпенбаев 1964 жылы Шымкентте дүниеге келген. Қазан химия-технологиялық университетін «инженер-механик», ал  Еуразиялық нарық институтын  «экономист-менеджер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-да өкілі қызметінде, сондай-ақ осы компанияда коммерциялық директор лауазымдарын атқарды. Мұнымен қоса ол «ТеңізСервис» ЖШС-да өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты вице-президенті қызметінде болды. Соңғы тағайындауға дейін «Құрық порты» ЖШС бас директоры лауазымын атқарып келді.