Ақтауда әкімдік берген үйдің қабырғасына саңырауқұлақ өсіп шықты

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда қалалық әкімдік берген үйдің қабырғасына ылғалдан саңырауқұлақ шыға бастады. Бұл туралы әлеуметтік желіде тұрғындардың бірі мәлімдеді.

Фото: видеодан алынған кадр

Көпқабатты үйдің қазіргі ахуалы тұрғындарды әбігерге салып отыр.

Себебі, мұндағы пәтерлердің қабырғасы ылғалдан көгеріп кеткен.

«33-шағынаудандандағы 30-үйден баспана алған едік. Пәтердің қабырғасына саңырауқұлақ шыға бастады. Өткен жазда жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Үйде кішкентай баламыз бар. Қабырға ылғал тартқан соң арнайы құрылғы қосып, кептіруге мәжбүрміз. Жалғызбасты ана ретінде әкімдік берген пәтер еді. Алайда үйдің кіреберісінің қабырғасы да осындай жағдайға душар болды. Жуынатын бөлменің төбесінде шағын жарықшақ бар», — дейді тұрғын.

Аталған жағдай бойынша Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі тиісті сараптама басталғанын мәлімдеді.