Ақтау қаласындағы «Абай» мәдени демалыс кешеніне келген жәрмеңке қонақтарының алдында қала әкімінің орынбасары Өркен Бисақаев сөз сөйлеп, еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныстың сай келуін, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мәселесіне мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отырғандығын, осы орайда жәрмеңкенің жұмыссыз жүрген жастарға септігі тиетіндігін айтып өтті.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен облыстық білім басқармасы қолға алған шараға 54 мекеме қатысып, 300-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды.
Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер тарапынан әңгімелесулер жүргізіліп, «АруАна» тренинг орталығы жұмыс іздеуші 51 адамға арнап «Қалай жұмыс табуға болады?» деген тақырыпта тренинг өткізді. 100-ден астам жас түлекке жұмыс табу мүмкіндіктері, жастар тәжірибесіне қатысу туралы консультация берілді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығы Гүлмира Қалмұратованың айтуынша, жыл басынан бері жұмыссыздық есебіне 2 мыңнан астам адам тіркелген. Олардың көпшілігі қоғамдық жұмыстарға тартылуда. Ағымдағы жылы облыста 8 мыңнан астам жұмыс орыны құрылып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
Маңғыстау өңірінде жұмыспен қамту 4 бағыт бойынша жүргізіліп отыр. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды, табысы аз адамдарды оқыту және ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу бағыттары бойынша әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Жәрмеңкеде аталған бағыттар бойынша «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасын жастарға түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Осы орайда жәрмеңкеге қатысушыларға «Жастар тәжірибесі», «Кәсіби даярлау, қайта даярлау және қайта оқыту», «Әлеуметтік жұмыс орындары», т.б. буклеттер таратылды.
Жәрмеңкенің толықтай қорытындысы маусым айының аяғында белгілі болмақ, ал бүгінгі күнге дейін жәрмеңкенің жәрдемімен 11 адам жұмысқа орналасқан.