Форумға Қазақстанның кәсіпкерлері мен 20-ға жуық жақын және алыс шет елдерден барлығы 500-ден астам бизнесмендер қатысты.
Форум аясында ұйымдастырылған көрме барысында экономиканың барлық саласынан инвестицияны талап ететін 30 жаңа инвестициялық жоба таныстырылды. Бұл - мұнай-газ, құрылыс индустриясы, баламалы энергетика, көліктік логистика, туризм және тағы басқа салалардағы жобалар.
« Бұл форум Маңғыстау өңірінің жаңа инвестициялық мүмкіндіктерін сіздермен бірлесе саралауға жол ашады деп сенемін. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, инвестициялық құны 175 млрд теңге болатын 5 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, инвесторлармен тиімді қарым-қатынас орнату үшін биылдан бастап облыста Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. Ол өз кезегінде жергілікті және шет елдік инвесторлармен тұрақты түрде жұмыс жасауға мол мүмкіндік береді», - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
Екі күнге созылатын форум барысында инвесторлармен келіссөздер жүргізу және бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.