Ақтауда қаза болған сарбаздардың отбасына өтемақы осы аптада беріледі - ҚР Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда қаза болған сарбаздардың отбасына өтемақы осы аптада беріледі, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қолданыстағы заңнама бойынша әскери қызметшінің қаза болуына орай, оның отбасына 2 ай мерзім ішінде бір реттік өтемақы төленеді. Алайда, ҚР Қорғаныс министрінің тапсырмасымен аталған өтемақы ешқандай кедергісіз осы аптада төленетін болады.

Сонымен қатар, қаза болған сарбаздардың отбасыларына қосымша материалдық көмек ретінде бір миллион теңгеден қаржылай көмек және азық-түлік тауарлары берілді. Еске сала кетейік, 18 қыркүйекте, Ақтауда «Орталық-2015» оқу-жаттығуының «Орталықазиялық стратегиялық бағытта әскер тобымен операция жүргізу» 2-ші кезеңінің «теңіз десантын түсіру және плацдармды бұғаттау» эпизоды барысында теңізге 6 бірлік БТР-80 мен 52 әскери қызметші шықты. Теңіз бойынша 150 метрді еңсерген кезде қатты жел салдарынан толқын жоғары көтеріліп, 4 бірлік БТР-80 суға батып кетті. Екі бірлік техника өз күшімен жағалауға жетті. Оқиға салдарынан мерзімді қызметтің 4 әскери қызметшісі суға кеткен болаты н.

"Жерлеу рәсімі кезінде қаза болғандардың денесіне ҚР Мемлекеттік туы жабылып, құрмет қарауылы тұрғызылғандығын атап өтеміз. Әскери оркестр қаралы марш орындап, салюттік тобымен қарудан үш рет оқ атылды", - деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінен.