Ақтауда «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында 1121 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

АҚТАУ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Ақтауда «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында 1121 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Маңғыстау облыстық Ішкі Істер басқармасына сілтеме жасап.

Қоғамдық тәртіпті күшейту және заңсыз ел аумағына өтушілерді анықтау мақсатында облыс аумағында сәуір айында «Мигрант» жедел алдын алу шарасы өтті.

Көші -қон басқармасы мен жол полициясы және қылмыспен күрес бөлімдері қызметкерлерінен құралған арнайы топ жолаушылар және жүк пойыздарын тексеріп, автобус пен жеңіл және жүк тиелген көліктерге жіті бақылау жасады.

Операция барысында біздің елде тіршілік кешіп жатқан 1121 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ел аумағында заңсыз жүрген, құжаттарында белгіленген мерзімі өтіп кеткен және өзге де өрескел заңбұзушылықтар түрлері анықталып, сот шешімімен 274 азамат ел аумағынан шығарылса, 715 адамның елде жүру мерзімдері қысқартылды.

Жұмыс күшіне өзге ұлт өкілдерін пайдаланған 209 заңды және жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ іздеуде жүрген 3 азамат ұсталды