Ақтауда заңсыз әрекеттері үшін қалалық білім бөлімінің басшысы жұмыстан шығарылды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы әкімдігінің шенеуніктері Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің мұғалімдері мен ата-аналарының атынан түскен шағымға жауап ретінде жүргізген зерттеулерінің қорытындысын жариялады. Арыз берушілер Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысын заңсыз әрекеттері үшін айыптаған.

Жыл басынан бері Н.Құрманбаевтың бұйрығымен бір мектепте екі ай ішінде 6 рет тексеріс жүргізілген. Мұғалімдердің сөзіне қарағанда, қалалық білім бөлімінің басшылығы осылайша директор К.Бекжанованы жұмыстан кетіруге әрекет жасаған.

«Ақтау қаласы әкімі мен білім басқармасына №7 мектеп мұғалімдері мен ата-аналарының атынан келіп түскен шағымдарды қарадым. Тексерулердің барлық материалдары сараптамадан өтті. Білім бөлімі басшысының әрекеттері заңға қайшы екені анықталды. Аталған бөлім басшысы Нұрсұлтан Құрманбаевқа қатысты қатаң шаралар қолға алынды, ол өзінің қызметінен босатылды», - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Халила Нұрғалиева.