Мұндағы тұрғындар баспаналарын электр пешімен жылытып отыр. Ал тамақ пісіру үшін газ баллон тасиды. «Мұның қауіпті екенін білеміз, алайда басқа шара қалмады» дейді олар.
- Әрқайсымыздың үйімізде екі-үштен газ баллон бар. Біз 1998 жылдан бері жылу дегенді ұмыттық. Бұрын бір жерде құбыр жарылған, содан кейін жылу жеткізуші мекемеге де, әкімге де бардық. Олар біздің ешқандай қатысымыз жоқ деп басын алып қашады, - дейді тұрғынның бірі Жанәлі Есжан ақсақал.
Электр пешімен жылынып отырған әр отбасы ай сайын 50 мың теңгеден астам ақша төлейді. Жарықтың да үнемі өшетініне шағымданған тұрғындар балаларымыз ауырып қала ма деп алаңдайды.
- Пәтер іші салқын, балаларымыз бір бөлмеге тығылып отырады. Екі айлық балам ауырып қала ма деп уайымдап жүрмін. Шатырдан су өтіп тұр. Оны көшіп келгенде өз қаражатымызға жөндетіп алдық. Міне, биыл әкімдікке үшінші мәрте бардым. Мәселеміз шешілер емес, Ақтаудың әкімі келіп, жағдайымызды өз көзімен көрсе екен, - дейді Хурлима Юсупова.
Бұл үй 1987 жылы өңірдегі зауыт қызметкерлері үшін салынған. Әу баста жатақхана ретінде берілген нысан кейін тұрғындардың атына заңдастырылған. Әкімдіктің де меншігіне жатпайтын үйге ендігі жылу жүргізудің өзі үлкен мәселе болып отыр. Мамандар бұл нысан жеке тұрғын үй ретінде рәсімделгендіктен, пәтерлерге жылу жүргізу қиынға соғып тұрғанын айтады.
- Жылу құбыры үйдің жертөлесіне келіп тұр. Алайда бұл пәтерлер жекеменшік. Сондықтан жылу жүйесін тарту жұмысы «Қайтарымды қаражат» мемлекеттік бағдарлама есебінен жүргізіледі. Қазір үй техникалық сараптамадан өтіп тұр. Сараптама бойынша үйге күрделі жөндеу қажет деген қорытынды алынды. Жобалық-сметалық құжаттама дайын болғаннан кейін қаражат бөлуге рұқсат беріледі. Бағдарлама негізінде жылу, газ жүйесін, шатырды немесе үйді толық жөндеуді тұрғындардың өзі таңдай алады, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев.
Сондай-ақ әкімдіктегілер газ құбырын жүргізу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеп жатқанын айтып отыр. Келер жылдың бюджетінен қаражат бөлінсе, бұл дауға нүкте қойылмақ.