Ақтаудағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру орталығына қабылданды

АҚТАУ. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембайқызы/ - «Ұрпақ NEXT» жастар қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ақтаудағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 3 пен 6 жас аралығындағы балалары «Айналайын» мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру орталығына қабылданды.

Бұл  - «Ұрпақ NEXT» жастар қоғамдық қорының Маңғыстау облысының жастары мен балаларының білім алуын, денсаулығын нығайту және әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Мектепке дейінгі білім мен тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыруы.

Аталған жобаның мақсаты - Ақтау қаласын қамти отырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының 3-6 жас аралығындағы ерекше қажеттіліктері бар 40 баланы мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін орталықтарға орналастыру болып табылады. 

«Біз «БОТА» қоғамдық қорының ұйымдастырған конкурсына қатысып, оның аз қамтылған отбасында тәрбиеленетін 3 пен 6 жас аралығындағы 40 балаға арналған мектепке дейінгі дайындық бағдарламасы бойынша грантын ұтып алған едік. Қордың  «Әлеуметтік қызметтерді қолдау» бағдарламасының гранттық механизмдерін қолдана отырып, сондай-ақ қаржылай көмегі арқылы қазақ және орыс тілдерінде 5 топта балаларды оқыту жұмыстарын бастадық», - дейді «Ұрпақ NEXT» жастар қоғамдық қорының директоры Гүлжанат Мұратбай.

Ақтау қаласындағы №12 орта мектепте аталған жобаның ашылу салтанаты өтті.

Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алынған тізім бойынша жағдайы төмен отбасыларда тәрбиеленіп отырған балапандар 7 ай бойы «Айналайын» балаларды дамыту орталығында білімдерін шыңдайтын болады.

Шара барысында балалардың оқу-құралдары, сөмке, кітап-дәптерлер салтанатты түрде табысталды.

«Ұрпақ NEXT» ЖҚҚ  жоба үйлестірушісі Серікбаева Айзаданың айтуынша, жоба барысында балалар келесідей салалар бойынша оқытылатын болады: Балаларды мектепке дайындау; Балаларды ерте дамыту; Шығармашыл балалардың өнеріне қолдау көрсету; «Ата-аналар клубын» құру.

«Ұрпақ NEXT» жастар қоғамдық қоры 2005 жылы құрылған. Қор  денсаулық, спорт, әлеуметтік орта, табиғатты қорғау, мәдениет және өнер, білім және ғылым салалары бойынша жеті бағытта жұмыс жасайды.