Ақтаудағы қоғамдық көліктерге бейнебақылау орнатылады

АҚТАУ. 20 наурыз. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембайқызы/ - Ақтаудағы қоғамдық көліктерге бейнебақылау орнатылмақшы. Өйткені қалта тонау ұрлығы тиылмай отыр.

Ұрылар көбінесе қоғамдық көліктерді торып, жып еткізіп жалт бұрыла салуға ыңғайлы сәтті аңдиды.

 Осыған орай жол полициясы қызметкерлері және қоғамдық көлік басшыларының қатысуымен жиын өтті.

  «Қазір біздің қаламызда қоғамдық көліктердегі қалта тонау мен автобустарда халықты тығыз мінгізу мәселелері орын алып отыр. Қаладағы қоғамдық көліктердің қайсысын көрсең де іші толған адам. Ұрылардың көбісі өзге өңірден келетін азаматтар болып отыр. Олардың ішінде нашақорлықпен айналысатындар да кездесті», -дейді МО ІІД жол полициясы басқармасының бастығы Бердібек Нысанбаев.

 Ұрылар көбінесе қаладағы халық көп қатынайтын №3, №2 автобустарды айналшықтайды.  Жыл басталғалы №3 автобуста - 20, №2 автобуста 6 қалта тонау фактілері тіркелген.

 «Мәселен, банктен ақша алған келіншек №3 бағытқа отырған. Діттеген жеріне келіп түскен кезде ақшасын тонап кеткенін біліп, сан соғып қалды. Ол келіншектің банктен алып келе жатқан бес жүз мың теңгесі қолды болған. Сондай-ақ, қалта телефондарын ұрлау фактілері де азаймай отыр»,-дейді Ақтау қалалық ІІБ бастығының орынбасары  Ж. Сәрсенбаев.

 Жиында қалта ұрлығына тосқауыл болатын шаралар ұйымдастыру жайы айтылды. Соның бірі - қаладағы қоғамдық көліктерге бейнебақылау камераларын орнату керектігі сөз болды.

 «Ол автобус басшыларының қалтасына аса тиімсіз деп айта алмаймын. Бұл құрылғыны 6000-7000 теңгенің көлемінде сатып алуларыңызға болады. Бейне-бақылау камераларын орнату қылмыспен күресуде, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп ойлаймын»,-дейді МО ІІД ЖПБ-ның бастығы Б. Нысанбаев.