деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Біздің команда жарыс күнтізбесіне сәйкес, алдымен Финляндияның «ХИК» командасымен кездесіп, оған 0:1 есебімен есе жіберіп қойды. Содан кейін кеше Тәжікстанның «Вахш» клубынан 2:0 есебімен басым түсті. «Ақтөбе» келесі ойынын ертең Әзірбайжанның «Бакы» командасымен өткізеді.
Айта кетейік, жеребе бойынша біздің команда Әзірбайжанның «Бакы», Финляндияның «ХИК» және Тәжікстанның «Вахш» клубтарымен бірге «В» тобында ойнауда. Атап өтерлігі, «Ақтөбе» 2009 жылғы ТМД және Балтық елдері чемпиондары кубогы турнирінің күміс жүлдегері атанған болатын. Финалда жерлестеріміз Молдованың «Шериф» клубына есе жіберді. «Ақтөбе» мен «Шериф» арасындағы финалдық матчтың негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен тең аяқталғандықтан, жеңімпаз пенальти арқылы анықталған болатын. Онда салқынқандылық танытқан молдовандар 5:4 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп «Ақтөбе» өз тарихында тұңғыш рет Достастық кубогының күміс жүлдесіне ие болды. Бұл бұған дейін аталмыш турнирге қатысқан қазақстандық клубтардың ішіндегі ең жоғары нәтиже.
Ал 2010 жылғы Достастық кубогы үшін жарыста «А» тобында Беларустың «Днепр», Қырғызстанның «Дордой-Динамо», Латвияның «Металлург», Ресейдің «Рубин»; «С» тобында Украинаның «Динамо» Киев», Түрікменстанның «МТТУ», Эстонияның «Левадия», Ресейдің Клубтар құрамасы; «Д» тобында Өзбекстанның «Бунедкор», Литваның «Экранас», Молодованың «Дачия», Арменияның «Пюник» командалары өнер көрсететін болады. Айта кетейік, қаңтардың 16-да басталған «Достастық» кубогы үшін жарыс қаңтардың 24-і күні аяқталады.