Ақтөбе қаласына 155 жыл: шаһардың алғашқы бас жоспары қандай болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласы 1869 жылы құрылған. Қазіргі кезде шаһарда сол жылдары салынған ғимарат жоқтың қасы. Дегенмен ХХ ғасырдың басында салынған екі ғимарат сақталған. Ал кезіндегі бас жоспардың көшірме нұсқасы облыстық тарихи-өлкетану музейінде бар.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе әскери бекінісінің 1869, 1874 және 1891 жылдардағы бас жоспары қазір Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Бұл құжаттың көшірмесін музейдің ғылыми қызметкерлері зерттеу, іздеу барысында Мәскеу қаласындағы архивтен алған.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

1869 жылғы бас жоспарда барлығы 19 жер атауы бар. Адам атымен аталған және бейіттер туралы жазылып, өзендер де белгіленген.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ал 1874 жылғы жоспарда әскери бекіністің сызбасын көруге болады. Ақтөбе қаласы – әскери бекініс.

Фото: Kazinform

- 1860-1870 жылдары патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясаты басқа бір бағытта жүргізілген болатын. Әсіресе, орыс территориясымен шекаралас жатқан қазіргі Ақтөбе жерінде тұрақты бекініс салуды көздеді. 1830-1840 жылдары уақытша бекіністер болса, 1969-1870 жылдары тұрақты бекініс салуға көшті. 1869 жылы мамыр айының ортасында адъютант, полковник Юрий Борх бастаған арнайы жазалаушы отряд келіп, Елек пен Қарғалы өзендерінің құйылар тұсындағы үлкен төбенің басында 5 күннің ішінде саман кірпіштен жаңа, тұрақты бекіністің негізін қалады. Ол Ақтөбе бекінісі деп аталды. Бұл атауға қалай ие болды? Ғалым Сайым Балмұханов, халық ақыны Нұрпейіс Байғанин, жазушы Құрал Тоқмурзин Ақтөбе атауының шығуына байланысты көптеген аңыз әңгімелерді келтіріп, бізге жеткізді. Кейіннен тарих ғылымдарының кандидаты, тарихшы Беркін Құрманбековтің де зерттеуі шықты. Бірінде Қырым ханзадасына ұзатылғалы отырған ханның қызы кенеттен қайтыс болады. Хан қайғырып, үлкен екі биік төбенің басына бейіт салған. Бұл ақ кірпіштер ғасырлар өте еріп, төбені аққа бояған. Ал Нұрпейіс Байғаниннің нұсқасында бұл жерде ер Қарасай батырдың бейіті болған. Бұл да аңыз. Ал 1869 жылы бекіністі тұрғызған кезде осы төбе таңдалған. Көктемде Қарғалы мен Елек тасып, маңайын су шайған. Сөйтіп төбені таңдап тұр, - деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айбек Ертеміров.

Оның айтуынша, бекініс атауы жергілікті халық аузындағы атаумен аталған. 1869 жылы 19 мамыр күні полковник Юрий Борх бастаған отряд бекіністің негізін қалап, тіпті зеңбіректен оқ атқан. Бұл туралы ақпарат Санкт-Петербургте шыққан «Биржевые новости» газетінде жарияланған.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- 1874-1878 жылдары Ақтөбеге Ресейдің бірнеше губерниясынан адамдар келіп, қоныстанды. Олар жергілікті тұрғындарға араласып, тұрақтап қалды. Ал 1891 жылы Ақтөбе әскери бекініс ретіндегі статусын жойып, уездік қалаға айналды. Торғай облысының құрамына кірді. Көшелер де сол кезде салынды. Алғашқы көшені Үлкен көше деп атаған. Бұл – қазіргі Шернияз көшесі. Алғашқы көшелер қазіргі Ақтөбенің ескі бөлігінде орналасқан. Ақтөбе қаласы әкімдігінің ғимараты да ең биік төбеде тұр. Ал ХХ ғасырдың басында өнеркәсіптік төңкерістер болып, Ақтөбе үлкен қалаға айнала бастады. Аумағы кеңейіп, шағын аудандар салынды. 1901-1905 жылдары аралығында теміржол тартылып, Орынбор-Ташкент қатынасы орнады. Сөйтіп үлкен станса ретінде қазақ жері мен Орта Азияның қақпасына айналды. 1910-1920 жылдары арасында мәдени ошақтар, саяси-әлеуметтік нысандар бой көтерді. Кіші көшелер кеңейді. 1913 жылы Ақтөбенің ең алғашқы старостасы В. Мощенскийдің басшылығымен «Актюбинский городской вестник» журналы шығып тұрды. Онда Ақтөбенің хронологиясы, тарихы басылып, бізге жетті, - деді Айбек Ертеміров.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласындағы алғашқы мектеп 1884 жылы ашылды. Ол екі класты орыс-қазақ училищесі болды. Ғимарат әлі де бар. Ал 1895 жылы тағы бір мектеп ашылып, орыс-қазақ қыздар мектебі деп аталды. Онда облыстың рухани, мәдени, ағартушылық саласына үлес қосқан Арынғазы хан ұрпақтары білім алған. «Актюбинский городской вестник» журналының шығарушысы да осында оқыды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны қазір 600 мыңнан асады. Қазір 15 шағын аудан, 54 тұрғын алабы бар.