Ақтөбе қаласына - 143 жыл

АҚТӨБЕ. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе қаласының құрылғанына 143 жыл толды.

Қала ресми түрде 1869 жылдың 28 мамырында «Ақ төбе» әскери бекінісі ретінде құрылғаны белгілі. Қала шынымен де төбешіктің үстінде салынған. Бүгінде онда орталық колхоз базары мен қаланың ескі бөлігі орналасқан. Одан кейін оның атауы Актюбинск болып ауысты, ал 2000 жылы бірінші атауы қайтарылды. Бүгінде Ақтөбеде 400 мыңнан астам адам тұруда. Жергілікті билік миллион тұрғыны бар қала дәрежесіне жету міндетін қоюда.

Бүгін Қала күнін мерекелеуге арналған басты шаралар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы саябақта өтеді.

Қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, саябақ сахнасында жергілікті әртістер өнер көрсетеді. «Шашуымды қабыл ал, ару қалам!» атты мерекелік концерті сағат 21:00-де ашылады. Шоу-бағдарламаның аясында түрлі ойындар, викториналар, байқаулар мен спорттық жарыстарды өткізу жоспарланған.