Ақтөбе қаласында төрелердің зираты табылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Тарихшылар Әбілғазы сұлтанның немересі Ахметқали сұлтанның құлпытасын тапты. Зиратта төрелер жерленген. Бұл Ақтөбе қаласының тарихын өзгертіп, орыстар қоныстанға дейінгі кезеңнің ақтаңдақтарын толтыруға сеп болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында биыл ғұн-сармат дәуіріне басымдық берілген. Алайда, қалада тарихи жаңалық тіркелді. Ақтөбеде төрелердің зираты табылып отыр.

2022 жылдың күзінде үлкен дөңгелек үстел өтті. Жергілікті әкімдік қала тарихы туралы білетінін, алайда 1869 жылдары өмір сүрген адамдар туралы мәлімет аз екенін алға тартты. Тақырып өте қызықты. Қазақ түркология ғылыми-зерттеу институты осы жұмысқа кірісті. Бұл - колониализм кезеңінің алдындағы тарих. Осы көктемде археологиялық лицензия алып, ғалым Мұрат Калменовты шақырдым. Маусым айында археологиялық талдау жасалып, орыстар қоныстанғанға дейін болған үш ауыл табылды. Бәрі қаланың аумағында. Қасында зираты бар. Ауыл іздері жақсы сақталған, жақсы көрінеді. Қаржы табылса, келесі жылы қазба жұмыстары жүргізілуі мүмкін

, - деді Қазақ түркітану және моңғолтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талғат Жұмағанбетов.

Бұл зираттарға алғашқы зерттеу жұмыстары да жүргізілген. Тарихшылар төрелер жерленген жерді құлпытастан анықтады.

Ең құнды дүние мұсылман зиратынан табылды. Құлпытастарды фотоға түсірдік. Жазуы оқылды. Ол - аударма емес. Қазақ тілінде жазылған, тек араб қаріптері қолданылған. Бұл жердегі құлпытастар төрелерге тиесілі. Жалпы, зират ХVІІ-ХVІІІ ғасырларға жатады. Құлпытастар ХVІІІ ғасырларда пайда бола бастаған. Біз төрт құлпытастағы жазуды оқыдық. Олар ХІХ ғасырға жатады. Ең қызығы - Ахметқали сұлтанның құлпытасы. Ахметқали сұлтан - Әбілғазы сұлтанның немересі. Әбілғазы сұлтан - Кіші жүздің соңғы ханы Арынғазының әкесі. Ахметқали - Арынғазының інісінің ұлы. Әбілғазы Хиуа әмірлігінде хан болған. ХІХ ғасырдың басында Әбілғазы үшінші туралы айтылады. ХХ ғасырда хиуалықтар оны қуып жіберіп, содан кейін қазақ-хиуа соғысы болған 1820-1821 жылдары. Соғыс туралы саяхатшы Егор Мейендорф жазады. Онда қазақтар бірінші хиуалықтарды жеңгенін, шекарада хиуалықтар күш жинап, қазақтарға қарсы шабуыл жасап, жеңіске жеткенін айтқан. Қазақтар Електің бойына көшіп кеткен. Осы жерде Әбілғазы сұлтанның қалашығы болған. Бұл қалашық туралы тарихшылар, өлкетанушылар біледі. Жақын маңда салынған лагерь жерінде 50-60 жылдарға дейін қалдықтары болған. Бекіністер, саман үйлерді айтуға болады. Тағы да зерттесе, табылып қалар деп үміттенеміз. Ахметқали сұлтанның жерленген уақыты 1861 жыл деп жазылған. Тағы біреуі 1848 жылғы. Қолымыздағы айғақ - құлпытастағы жазу. Ол дәлел. Ал орыстар келген соң бәрін ысырып тастап, бекініс салған. Тарихты 1869 жылдан бастаған. Бұл - қате. Құлпытастарды қарап, қала зираты ХVIII ғасырда болған деп айтуға болады

, - деді Талғат Жұмағанбетов.