Ақтөбе: Мыңнан астам аз қамтылған отбасыға 50 миллион теңге шамасында қаржылай көмек көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат- Өткен сенбіде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған республикалық «Менің Елім - Мәңгілік Ел!» атты акциясы Ақтөбеде жалғасын тапты. Қайырымдылық шара барысында өңірдегі мыңнан астам аз қамтылған отбасы 50 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек алды, деп жазады «Ақтобе» газеті.

А.Досжанова атындағы конферец-залында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, аймақтағы шағын, орта және ірі бизнес басшылары, ардагерлер, этномәдени бірлестік мүшелері және студенттер қатысты.

Алғашқы болып сахнаға «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының белсенді жастары шықты. «Қазақстан - 2050» жалпы ұлттық қозғалысының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Ербол Шыма сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа  арнаған үндеуін жолдады.

Сондай-ақ акция барысында мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 1000-нан астам тұрғынға көмек көрсетілді.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысында 1 қарашадан бастап, 200-ден астам кәсіпкердің қолдауымен азық-түлік және тауарлардың, жеке медициналық және спорттық-сауықтыру орталықтарындағы бағаларды өсірмеу туралы мораторий басталғанын айтып өтті.

- Биыл ел Тәуелсіздігіне ширек ғасыр толмақ. Бұл мерекеге әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, жалпы Қазақстан халқының арманы - Тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуы. Ол үшін әрбір азамат айналасындағы көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуы қажет.

Осы ретте меценаттар есебінен қайырымдылық жобалары жүзеге асырылуда. Жыл басталғалы облысымызда 352 қайырымдылық акциясы өткізіліп, 14 мың адамға жалпы сомасы 100 миллион теңгеге қолдау көрсетілді, - деп, акцияға демеушілік танытқан кәсіпорын басшыларына ризашылығын білдірді.

 

Шара барысында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ван Цзюньжэнь 9 аз қамтылған отбасыға, бірінші және екінші топтағы мүгедек балаларға, сондай-ақ жалғызбасты аналарға материалдық көмек көрсетті. Олардың қатарында Самат Қабылов, Тұрсын Бакрединова, Шәрипа Тұрсынова, Гүлден Әлиева сынды  және басқа да қаржылай көмек алған жандар бар.

«ҚазақОйл-Ақтөбе» ЖШС 8 көпбалалы отбасына және бірінші, екінші топтағы мүгедектерге киім-кешек сатып алуға көмектесті. «Сағыз-Петролиум» ЖШС Алға және Байғанин аудандарындағы 9 шаңыраққа көгілдір отын тартуға қаржылай сертификат ұсынды. Солардың бірі Байғанин ауданының 53 жастағы тұрғыны Күләш Жұбашева.

- Ауданға осыдан үш жыл бұрын көгілдір отын кірді дегенде қуанған едік. Бірақ қаражаттың жоқтығынан үйге жылу кіргізу қиынға соқты. Өзім жалғызбасты анамын. Төрт балам бар. Бүгінде көмірдің тоннасын 12 мың теңгеге сатып аламыз. Енді Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңындағы акция арқылы қолдау көрсетіп, 300 мың теңгелік сертификат ұсынған кәсіпорынға алғысым шексіз, - дейді ол.

«Восход-Ориел» ЖШС Хромтау ауданының Сарысай, Никельтау, Ақжар ауылдарының 7 отбасын газ және жылу көздерімен қамтуға ықпал етті.

Өңір басшысының бастамасымен «Шығыс» және «Алтай» базарларында екі қайырымдылық дүкенін ашқан  «Іскер әйелдер қауымдастығы» Ақтөбе филиалының өкілдері 6 ай ішінде 4500 аз қамтылған отбасының балаларын күзгі және қысқы киіммен қамтыды. Бұл акцияға барлық  кәсіпкер әйелдер қатысқан.

Ал жеке және медициналық мекемелер 200 ақтөбелік тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетті.

Бейбітшілік және келісім кеңесінің Ақтөбе филиалының төрағасы, ардагер Келдібай Еспағамбетов аз қамтылған отбасыларға  өз меншігінен 10 қой, жылқы және сиыр бөлетінін мәлімдеп, ақтөбеліктерді қамқорлыққа бөлеген акцияға қолдау танытты.

Бұл күн Алға балалар үйінің түлегі, қазіргі Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі Бақытгүл Қалиева үшін де ерекше күн болды. Себебі ол жеке пәтерінің кілтіне ие болды.

- 2012 жылы мектеп бітіріп, колледжге оқуға түстім. Қазіргі таңда облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында қызмет атқарамын. Өзімнен кейінгі сіңлім студент. Пәтерге деп әпкем екеуміз ақша жинаған боатынбыз. Облыс әкімінің қолдауымен есепшотымызға 1,5 миллион теңге түсіп, баспаналы болдық, өте қуаныштымыз, - дейді Бақытгүл.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлердің қаржысы есебінен  тағы екі тәрбиеленушіге пәтер кілті табысталды.

Жалпы алғанда акция барысында 223 жетім баланың «Тұрғынүй құрылысжинақбанктегі» есепшоты 6,1 млн теңгеге толықты.

Бұдан өзге, Ақтөбе облысы әкімдігінің қызметкерлері мен депутаттары «Парыз» қорына 1 млн теңге аударды.

Сондай-ақ бұл игі шара облыстың аудандарында да жалғасын тапты. Өңірдегі 12 ауданның кәсіпкерлері тікелей эфирде акцияға қосылды. Бұған дейін олар ауылдық жерлерде тұратын көпбалалы аз қамтылған отбасылардың тұрмыстық жағдайын зерттеп, акция барысында оларға тұрмыстық техникалар,  сонымен қатар қысқы киім-кешектер мен аяқкиімдер табыстады.

Облыс әкімі Қазақстан халқының қоғамдық келісімі мен жалпы ұлттық бірлігін нығайтуда осындай акцияның  маңыздылығын және әрі қарай жалғасын табатынын атап өтті.