ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында 3-4 қаңтар күндері күрделі ауа райына байланысты Ақтөбе-Хромтау жолында қар құрсауында қалған адамдарды құтқаруға төтенше жағдайлар қызметкерлеріне ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655-әскери бөлімнің жауынгерлері де жәрдемдесті.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қатты боран мен 20 градус аяз, қалың қар мен көктайғақ болғандықтан, көптеген машиналар жолда тұрып қалған. Сондықтан, әскери техниканың көмегімен құтқарушылар мен әскерилер адамдарды қар құрсауынан алып шығып, әуелі жақын ауылдағы жылыту қосындарына, содан кейін Ақтөбе қаласына аттандыруда. Соның арқасында, жүргізушілер мен жолаушылар құтқарылып, сондай-ақ 20 автокөлікке жанар-жағар май құйылып, көмек көрсетілген.
«Қардың биіктігі кей жерлерде екі метрге дейін жеткен, авокөліктер төбесіне дейін қарға көміліп қалған. Оқиға орнына азық-түлік пен жанар-жағар май жеткізілді. Әскери қызметкерлер жолды аршып жатқанымен, әзірге жай көлікпен жүру мүмкін емес», - деді осындағы әскери қызметкерлерді басқарып жүрген жедел мақсаттағы батальон штабының бастығы, капитан Нұралы Сейталин.
Еске сала кетейік, кеше Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оқиға орнында болып, құтқару жұмыстарымен танысты. Өңірде төтенше жағдайға байланысты тиісті шаралар алынуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).