«ҚР Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта Кеңқияқта немесе Шұбаршиде орын алған оқиғалар мен күні кеше Ақтөбедегі атысты байланыстырмайды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сол аяқталғаннан кейін нақты ақпарат беретін боламыз. Жалпы Ақтөбе облысындағы криминогендік ахуал тұрақты», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 10 шілдеге қараған түні Ақтөбе қаласында Жуковский мен Әкімжанов көшелерінің қиылысында 22 жастағы ақтөбелік - «Мазда» көлігінің жүргізушісіне қарулы шабуыл жасалып, ол алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Аталмыш адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полицейлер осы іске қатысы бар 24-26 жас аралығындағы төрт ақтөбелікті анықтады. 25 шілде күні криминалдық полиция қызметкерлері «Арлан» арнайы бөлімшесінің жауынгерлерімен бірлесе отыра, қаланың жанармай стансаларының бірінде ішінде күдіктілердің үшеуі отырған ВАЗ-2104 көлігін тексерді. Оларды тінту кезінде, біреуінен «ТТ» маркалы тапанша мен 9 мм. оқтар табылды. Кеше түнгі уақытта ағайынды Жұбановтар көшесінде төртінші күдіктіні - еш жерде жұмыс жасамайтын 24 жастағы ақтөбелікті ұстау кезінде, полицейлер мен оның арасында атыс туындады.
Жас жігіт ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қарулы қарсылық көрсетті. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жақын жерде үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп, күдіктінің көзі жойылды. Одан полицейлер тегіс ұңғылы шолақ мылтық пен оқ-дәрілерді тапты.