Ақтөбе облысында ҮИИД МБ-ның 64 жобасы жобалық қуаттылығына шықты

АҚТӨБЕ. 13 маусым. ҚазАқпарат - Облыстық әкімдікте үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөнінде аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кездесу барысында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау және облыстағы индустрияландыру картасының инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға байланысты мәселелер талқыланды.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Марат Балмұханов ҮИИД МБ аясында 2010-2012 жылдары пайдалануға берілген инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы және олардың жобалық қуаттылыққа шығуы жайлы баяндап берді. Оның айтуы бойынша, 64 жоба жобалық қуаттылыққа шыққан, жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры Андрей Решетнев 2011 жылы индустриялық бағдарлама аясында енгізілген газ өңдеу зауытының жұмысы жайлы баяндады.

Оның айтуы бойынша, 11 маусымдағы жағдай бойынша Жаңажол КС-13 магистральдық газ құбыры арқылы 106,4 млн. текше метр газ немесе жоба қуаттылығының 40 пайызы жеткізілген. Зауыт қалыпты жағдайда жұмыс жасауда.