Dombyra Fest пен 13-сектор феномені
Бағдарлама үш жыл ішінде еліміздің түрлі өңірлерін аралап, елді мекендер мен ірі қалалардың өзекті мәселелерін көтеріп, олардың шешілуіне. көгалдануына ықпал етті.
Соның бір дәлелі – 2024 жылы Ақтөбеде ашылған «Таза қала» аллеясы.
Дегенмен қаланың келбетін тек инфрақұрылым емес, қоғамдық белсенділік те айқындайды. Мәселен, мыңға жуық адамның басын қосқан Dombyra Fest Ақтөбенің ауқымды мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға қабілетті екенін және тұрғындардың ортақ бастамаларға белсенді қатысатынын көрсетті.
Ал өңірдің өзіндік брендіне айналған тағы бір құндылық – футбол. Қазір Қобыланды батыр атындағы стадионның әйгілі 13-секторы туралы фильм түсіріліп жатыр. Мұндай жобалар мәдени өмірге серпін берумен қатар, қаланың танымалдығын арттырып, оның жаңа туристік бейнесін қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені кей өңір туристті табиғатымен қызықтырса, енді бірі ерекше атмосферасымен тартады.
Фильм режиссері Жандос Айбасовтың айтуынша, туындының оқиғасы түгелдей Ақтөбе өңірінде өрбиді.
– Өңірде фильмнің сәнін келтіретін локация өте көп. Көрермен көңілінен шығады, – деді режиссер.
Ғасырлық саябақтың бүгінгі хәлі
Фильм түсіруге лайықты тағы бір орын бар. Тек бұл жолы комедия емес, хоррор немесе мистикалық жанрға сұранып тұрғандай. Әңгіме – өңірдегі ғасырдан астам тарихы бар Пушкин атындағы саябақ туралы.
Құлаудың аз-ақ алдында тұрған кәрі ағаштар мен қаңыраған аттракциондар уақыттың табын ғана емес, қараусыздықтың ізін аңғартады. Кезінде балалық шағын осында өткізген тұрғындар саябақтың бүгінгі келбетін көріп қапалы.
– Балалық шағымыз осында өтті. Ол кезде әдемі болатын. Қазір қараудың өзі қорқынышты. Әткеншек жоқ. Тек темір тұр, – дейді жергілікті тұрғындар.
Қазір мұнда балалардың күлкісінен гөрі тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды жиі кездестіруге болады. Тұрғындар мұны саябақ басшылығы мен жергілікті билік арасындағы жылдарға созылған даумен байланыстырады. Себебі қандай болса да аумаққа күрделі жаңғырту қажет.
Тазалық су түбінен басталады
Аймаққа келген туристердің жиі баратын орындарының бірі – Ақтөбе су қоймасы. Жаз мезгілінде мұнда жергілікті тұрғындар да көптеп демалады. Сондықтан аумақтың тазалығына ерекше көңіл бөлінеді. Бағдарлама түсіріліп жатқан сәтте жағалауда «Жасыл ел» жасағының сарбаздары кезекті экологиялық акция өткізіп жатты.
Жастардың әрқайсысы міндетіне жауапкершілікпен қарады. Бірі жағалауды қоқыстан тазартса, енді бірі пластик пен бөтелкелерді жинады. Ал аквалангистер көзге көрінбейтін жұмысты атқарды.
– Өңір тазалығы біз үшін маңызды. Сондықтан мұндай игі істерден шет қалмаймыз, – деді «Жасыл ел» жасағының сарбаздары.
Құтқарушылардың жұмысы экология үшін маңызды. Сырттай қарағанда су айдыны тап-таза көрінгенімен, түбінде пластик, шыны және тұрмыстық қалдықтар жиналуы мүмкін. Сондықтан су астын жүйелі тазарту табиғатты сақтаудың ажырамас бөлігіне айналған.
– Судың астын түгел қарап шықтық. Сынық шынылар болды. Барлығын жинап, реттедік, – деді жедел құтқару жасағының құтқарушысы Абат Бөлекбаев.
Қасқыр сарқырамасы турист тартады, бірақ...
Келесі бағыт – Қасқыр сарқырамасы. Тастың арасынан сарқырап аққан су, қалың жасыл желек, салқын самал мен тыныштық бұл жерді Ақтөбедегі ең көркем демалыс орындарының біріне айналдырған. Сарқырамаға қатысты ел аузында аңыз да бар. Айтуынша, көктемде қасқыр бөлтірігін ағын суға түсіріп алып, содан бері бұл маңнан ұлыған дауыс естіледі деген қауесет сақталған.
Табиғаты таңдай қақтырғанымен, мұнда да көңіл көншітпейтін көріністер жоқ емес. Жартастардағы жазулар мен шашылған қоқыс туристік мәдениеттің әлі де қалыптаспағанын аңғартады.
Қазір аумақты жеке кәсіпкер күтіп ұстайды. Жергілікті билік инженерлік инфрақұрылымды тартуға қолдау көрсеткен. Алайда жыл сайын келушілер саны артқан сайын мұндай жүктемені бір ғана кәсіпкердің көтеруі қиын.
Туристік маусым сәуірден басталады. Дегенмен сарқырамаға апарар жолдың сапасы, демалуға арналған орындардың, глэмпинг пен басқа да туристік сервистің жоқтығы бірден көзге түседі. Статистикаға сәйкес, мұнда күніне шамамен екі мың адам келеді. Алайда олардың басым бөлігі табиғатты тамашалап, суретке түсіп, кері қайтады. Өйткені жайлы демалуға мүмкіндік әзір жеткіліксіз.
Пантотерапия:ерекше туристік бағыт
Қасқыр сарқырамасынан алыс емес жерде өңірдегі ерекше туристік нысандардың бірі орналасқан. Мұнда 2017 жылдан бері Шығыс Қазақстаннан әкелінген марал өсіріліп, пантотерапия бағыты дамып келеді.
Кәсіпкер Бану Тілегенованың айтуынша, шипажайда маралдың сүйектенбеген жас мүйізінен алынатын панты негізінде ем жүргізіледі. Келушілер үшін емдік ванна, массаж кабинеттері, дәрігерлер бөлмесі, асхана және жайлы демалыс орындары қарастырылған.
– Шипажайда маралдың сүйектенбеген жас мүйізінен панты алып, ем жүргізіледі. Орталыққа келушілер үшін барлық жағдай жасалған, – деді кәсіпкер.
Шипажайға Ақтөбеден ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де келушілер бар. Бірі табиғат аясында тынығуды таңдаса, енді бірі емдік-сауықтыру қызметіне жүгінеді.
Халық арасында марал мүйізінің сорпасы ерлер денсаулығына оң әсер етеді деген сенім бар.
– Емді жеті күн қабылдауға келдік. Нәтижесі байқалып жатыр. Буыным босап, ісігім қайтты, – деді ем алушы.
Ақтөбенің туристік әлеуеті: мүмкіндік пен мәселе
Тұрғындармен әңгімелесу барысында тағы бір өзекті мәселе көтерілді.
Олардың айтуынша, Ақтөбе қаласында отбасымен демалатын орындар жеткіліксіз.
– Өңірде саябақ, скверлер аз. Отбасылық демалыс орындары тапшы, – дейді жергілікті тұрғындар.
Сонымен қатар ақтөбеліктер туристік әлеуеті зор, бірақ көпшілікке әлі кеңінен таныла қоймаған Ақтолағайды атады. Жалпы өңірдің басты артықшылығы – табиғат аясындағы демалыс орындары. Мұндай жерлерде туристті қымбат инфрақұрылымнан бұрын таза ауа, тыныштық, көлеңкелі ағаштар мен балаларға қауіпсіз орта қызықтырады.
Мұны шетелдік қонақтардың пікірі де растайды. Саяхатшы Мұхаммед Мұсаның айтуынша, оны ең алдымен табиғаттың тазалығы мен тыныштығы тәнті еткен.
– Таза, табиғаты әдемі. Барлығы көңілімнен шықты. Алдағы уақытта Қазақстанның өзге де өңірлерін аралап көргім келеді. Астанаға бару да жоспарымда, – деді ол.
Ақтөбеге уақытша келіп, кейін осы өңірді тұрақты мекеніне айналдырғандар аз емес. Солардың бірі – Heriot-Watt университетінің қауымдастырылған профессоры Мұхаммед Зүбейр. Оның айтуынша, Қазақстанның бірнеше қаласында болғанымен, қай жерде де жергілікті халықтың қонақжайлығына тәнті болған.
Мұғалжар жылқысы – өңірдің туристік бренді
Бұл орынның тағы бір ерекшелігі – өңірдің мақтанышы саналатын Мұғалжар жылқысы. Төзімділігімен және жергілікті табиғатқа ерекше бейімділігімен танылған бұл тұқым ауыл шаруашылығының ғана емес, туризмнің де маңызды бөлігіне айнала алады.
Өйткені бүгінгі турист барған жерінен табиғатты ғана емес, сол өңірге тән ерекшелікті көргісі келеді. Мұғалжар жылқысын насихаттау мақсатында мұнда тұрақты түрде көрмелер ұйымдастырылады.
– Үш жылда бір рет жылқылардың көрмесін өткіземіз. Өзге облыстардан келіп, қызығады. Бұл дәстүр 2020 жылдан бері жалғасып жатыр, – деді жылқышы Қалдыбек Рзабаев.
Егізбұлақтың құпиясы
Туристерді қызықтыратын тағы бір ерекше мекен – Алтай батыр ауылындағы Егізбұлақ. Табиғи нысанның атауына қатысты ел ішінде бүгінге дейін сақталған аңыз бар.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кезінде осы бұлақтың суын ішіп, ниет еткен отбасыларда егіз балалар дүниеге жиі келген. Содан бері бұлақ «Егізбұлақ» аталып кеткен. Аңыздың ақиқатын дәлелдеу қиын. Дегенмен ауыл тұрғындары мұндай оқиғалардың өз әулеттерінде орын алғанын айтады.
– Немерелерім Алтынбек пен Темірбек 12 жыл бұрын дүниеге келген. Келінім осы бұлаққа ырымдап келіп, ниеттенген еді, – деді ауыл тұрғыны Бибісән Теміразина.
Осындай мысалдар ауылда бірен-саран емес.
– Қыздарымыздың киімін ырымдап алып кетеді, – деді жергілікті тұрғын Үзіл Төлешова.
Борлы тауларға барар жол
Алтай батыр ауылының тұрғындары үшін ең өзекті мәселе – жол. Олардың айтуынша, ауылға әлі күнге дейін асфальт төселмеген. Жаңбырлы күні балшықтан жүру мүмкін болмаса, көктем мен күзде жол азабы тіпті күшейеді. Ал қыста қардың өзі жолды тегістеп беретіндей көрінеді.
– Қанша жыл тұрамыз осында. Ешқашан асфальт болған жоқ, – дейді жергілікті тұрғын.
Соған қарамастан өңірге келетін туристер аз емес. Бірі ерекше табиғатты фото-видеоға түсіруге келсе, енді бірі сафари мен белсенді демалысты таңдайды. Шипалы бұлақ, құмды алқап, алма бағы және сафари аймағының бір-біріне жақын орналасуы бұл жердің туристік әлеуетін арттыра түседі. Бағдарлама жүргізушілері сафари бағытына жол тартты. Алайда бұл жерге жетудің өзі оңай емес. Асфальт жоқ, тек көліктердің ізімен қалыптасқан соқпақ қана бар. Ұзақ жолдан кейін ғана Ақтөбенің ерекше табиғаты көз алдыңа ашылады.
Әсіресе күн батар шақта борлы таулар мүлде басқа реңкке енеді. Күн сәулесі ақ жартастарға шағылысып, ерекше көрініс қалыптастырады. Бұл жердің әлеуметтік желі қолданушылары арасында танымал болуы да сондықтан.Байғанин аудандық музейінің директоры Ләззат Жаулинаның айтуынша, туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
– Туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар енді ғана қолға алынып жатыр. Бес жыл бұрын облыс әкімі келгеннен кейін мұнда орындықтар орнатылып, биодәретханалар қойылды, – деді ол.
Түйткілдер қалай шешіледі?
Бағдарлама барысында көтерілген мәселелерге Ақтөбе облысының әкімі Асхат Берлешұлы жауап беріп, оларды шешуге бағытталған жоспарларды таныстырды.
Өңір басшысының айтуынша, Пушкин атындағы саябақ мемлекет меншігіне өткен.
– Енді мәселе шешіледі. Бұрынғыдай сәнін келтіріп, тұрғындарға қолайлы етіп жасаймыз, – деді Асхат Берлешұлы.
Ал Ақтолағайға қолжетімділікті арттыру үшін шағын авиацияны дамыту жоспары қарастырылып жатыр. Бұл бағытта 40 орындық екі ұшақ сатып алу көзделген.
– Шағын авиация арқылы дамытуды жоспарлап отырмыз. Қазір 40 орындық екі ұшақ алу мәселесі қаралуда. Бұл туризмді дамытуға және Ақтолағайды кеңінен танытуға мүмкіндік береді деп есептеймін, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар шалғайдағы Шалқар мен Байғанин аудандарының инфрақұрылымын жақсартуға да басымдық берілмек.
Сарапшылар бағасы
Бағдарлама қорытындысында сарапшылар Ақтөбе облысының туристік әлеуетіне баға беріп, оны толық ашуға кедергі болып отырған негізгі мәселелерді атады.
Сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстембеков өңірдегі жол сапасы мен қалалық ортаның сәулеттік келбетіне назар аударды. Оның пікірінше, туристік әлеуеті жоғары Ақтолағайдағы инфрақұрылым жеткіліксіз.
– Ақтолағай – ел біле бермейтін қазына. Нағыз турист келетін жер. Бірақ онда екі беседка мен екі дәретхананың ғана болуы өкінішті, – деді сарапшы.
Ал ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев туристерге қажетті базалық жағдайлардың әлі толық қалыптаспағанын айтты.
– Туристік орындарда қоқыс жәшіктері байқалмайды. Ақтолағай маңынан туристік визит-орталық салу керек, – деді ол.
Туризм саласының сарапшысы Базарбек Қамысбаев болса, мәселе тек инфрақұрылыммен шектелмейтінін атап өтті.
– Туристік мәдениет те ақсап тұр. Қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыру керек, – деді Базарбек Қамысбаев.
Осылайша, Ақтөбе облысы жалпы есепте 20 ұпаймен шектелді.
Айта кетейік, бұған дейін «Таза қала» жүргізушілері Батыс Қазақстанда болды.