Ақтөбеде 200 кәсіпкер әкімшілік жауапқа заңсыз тартылған

Ақтөбе облысының прокуратурасы облыстың мемлекеттік органдары әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама нормаларының талаптарын сақтамағанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік прокуратураға сілтеме жасап.

Фото: Ақтөбе облыстық прокуратурасы

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 62-бабы 1-бөлігіне сәйкес міндетті медициналық сақтандыруды уақтылы төлеу туралы талаптарды бұзғаны үшін адамдар құқық бұзушылық жасалған күннен 2 ай өткен соң әкімшілік жауапқа тартылмайды.

Алайда, облыстың салық органдары Кодекстің 62-бабы 2-бөлігін қате қолданып, 200-ден астам кәсіпкерді әкімшілік құқық бұзушылық жасалған сәттен 2 ай мерзім өткеннен кейін әкімшілік жауапқа тартқан.

Қазіргі таңда прокурорлық қадағалау фактілері бойынша салық органдарының 200-ден астам заңсыз әкімшілік қаулыларының күші жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілді.

Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.