Ақтөбе облысында барлығы 199 клуб бар. Оның төртеуі жекенің, яғни, ірі өндіріс орындарына тиесілі мәдениет ошағы. 90 жылдары өңірде барлығы 500-ге жуық клуб болатын болса, қазірде олардың саны 2 есеге қысқарып, ауыл халқының барар жері, көрер қызығы қалмады.
«Биыл Хромтау мен Темір аудандарында клуб жабылды. Сегіз клубтың ғимараты апатты жағдайда тұрды, кейбірінің клуб меңгерушісі болғанымен ғимараты мүлде жоқ еді. Қазір де ғимараты жоқ клубтар жұмыс істейді. Яғни, қызметкер мектепте отырып сол ауылдағы мәдени шаралардың бәрін ұйымдастырады. Ауылға клуб қажет. Мектеп салған кезде типтік клуб салса ол ел ішіндегі мәдениетті көтеруге, ауызбіршілікті сақтап қалуға көмектесер еді. Ауыл үлкендері мен жастарға да бас қосатын қажет ғой»,- деді Халық шағармашылығы үйінің қызметкері Гүлнар Сейталина.
Айта кетейік, Ақтөбенің ауылдарындағы клубтарда компьютер жоқ, олар интернетпен жұмыс істей алмайды. Меңгерушілер өткізген шараларының барлығы ұялы телефонға түсіріп, өз еңбегін көрсетуді ойлайтын қызметкерлер сол арқылы халыққа көрсетіп жатады. Клуб қызметкерлері үшін арнайы әдістеме дайындалмайды, еліміз бойынша бірыңғай жүйе жоқ. Егер бір ауданда көше күндері өтсе, Халық шығармашығы үйі сол әдісті басқа аудандарға үлгі етеді.
«Аудандардағы мәдениет ошақтарының жағдайы, дамуы тікелей әкімдерге, сол клуб басшылығына байланысты. Әкімдік қолдау көрсетсе, мәдениет қызметкерлерінің де еңсесі тіктеледі. Ауыл клубында саусақпен санарлық адам жұмыс істейді. Кейде еден жуушыны киім тігетін қабілетімен, күзетшіні сурет салатын өнерімен жұмысқа алады. Бір сөзбен айтқанда бесаспап адамдар ауылда еңбек етіп, аз ғана ақшаға жанын салып жүр. Өкініштісі, клуб бұрын идеологияның нақ ортасы болса, қазір қарапайы концерт ұйымдастыратын орынға дейін төмендеді»,- деді Г. Сейталина