Ақтөбеде адам өліміне әкеліп соқтырған жол-көлік оқиғасы болды

АҚТӨБЕ. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Сенбі күні Әбілқайыр хан даңғылы бойында «Нұрғасыр» мешітіне қарама-қарсы жерде адам өліміне әкеліп соқтырған жол-көлік оқиғасы болды.

ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, «Фольксваген Пассат» көлігінің 37 жастағы жүргізушісі М.Мәметова көшесінен Ғ.Жұбанова көшесіне қарай келе жатып, 30 жастағы ақтөбелік азаматтың жүргізуіндегі «Альфа Ромео» көлігімен соқтығысты.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан «Альфа Ромеоның» екі жолаушысы - 56 жастағы ер адам мен 51 жастағы әйел түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, ол жерде ер адам алған жарақаттарынан көз жұмды. Көліктердің жүргізушілері де ауруханаға жеткізілді.

Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, бірқатар сараптамалар тағайындалған.