Ақтөбеде әлемдік деңгейдегі автокөліктерге жанармай құю кешені таныстырылды (ФОТО)

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бұл қолайлы дүкен форматы мен экспресс-қызмет көрсету мейрамханасын ұсынатын елдегі алғашқы жанармай құю стансасы.

Нысанның ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде капитал сыйымды жобаны іске асырған кәсіпкерлерге алғыс айтты, бұған инвесторлар 1 миллиард 200 миллион теңге құйды.

«Бұл нысан әлемдік стандарт бойынша салынды, 50 жұмыс орны ашылды. Өңірде бизнес дамып, ол үшін жағдайлар жасалуда. Жергілікті атқарушы билік ел Президентінің шағын және орта бизнесті қолдау бойынша тапсырмасын орындауда», - деп атап өтті өңір басшысы.

«Compass» АМС желісінің өкілі Әнуар Қылдияров Қазақстанда «Burger King» әлемдік брендімен автокөліктерге жанармай құю стансасы мен сауда нүктесін біріктірген кешен алғаш рет ашылып отырғандығын атап өтті. Ол облыс пен қала әкімдігіне және әріптесі - «Burger King» компаниясына құрылыс кезінде қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Ақтөбеде олар «Urals» А жанармай құю желісін сатып алғанын, барлық стансаны біртіндеп қайта жаңартуды жоспарлап отырғандығын айтты.