Ақтөбеде білім мекемелері бастықтарының кадрлық құрамын қайта қарастырады

АҚТӨБЕ. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық әкімдікте аймақтың білім қызметкерлерінің «Білім жүйесін жаңғырту - адами капитал өсімінің басты бағыты» тақырыбымен дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.

Оған білім ұйымдарының басшылары, педагогтар, ҮЕҰ-дың өкілдері, ата-аналар қауымы, сондай-ақ облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.

Тамыз кеңесінің барысында оның қатысушылары алдыңғы қатарлы тәжірибесімен бөлісіп, проблемаларын, сондай-ақ Мемлекет Басшысының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауын іске асыру мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әрбір қазақстандық және жалпы алғанда ел үшін сапалы білімнің мәні туралы айтты.

Оның пікірінше, білім сапасы бірінші кезекте білім мекемесінің басшысына байланысты, бүгінде білім беру саласында орын алып отырған айқын кемшіліктер бәрінен бұрын жетекшілерінің әлсіз басқарушылық қызметіне қатысты. Нәтиже шығару үшін жұмыс істейтін уақыт келді, әрбір білім алушыға мемлекет және ата-анасы үлкен қаражаттарын салуда, ел болашағы білім сапасына қатысты.

Осыған байланысты әкім білім басқармасына жетекшілік етіп отырған жұмыскерлердің кадрлық резерві жүйесі бойынша ұсыныстарын дайындап, басқарушылық құрамға жас кадрларды тартуды тапсырды.

Содан кейін әкім салтанатты жағдайда 9 үздік білім мекемесіне, 82 педагог пен 3 ардагер оқытушыға Алғыс хаттар мен ақшалай гранттар табыс етті.