Ақтөбеде «Қадірлі қарттық ? лайықты немерелер» атты жалпы қалалық акция басталды

АҚТӨБЕ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Мирал Жармұхамбетов/ - Бүгін облыс орталығында соғыс және тыл ардагерлеріне қажетті көмек көрсетуге арналған кең ауқымдағы «Қадірлі қарттық – лайықты немерелер» атты акция басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қалада бұл акцияны Батыс көліктегі ішкі істер департаментінің бастамашылығымен құрылған «Бүркіт» жастар патриоттық клубы 2008 жылғы қазанның 1-інен бастап тұрақты түрде өткізіп келеді. Клуб мүшелері, олардың қатарында «қиын» жасөспірімдер де бар, жалғызілікті немесе қараусыз қалған қарт адамдарға көмектеседі, олардың үй-ішін жинастырып, ауласын тәртіпке келтіреді, үй жанындағы бақшаға да қарайласады. Акцияны өткізудегі ең басты мақсат ? жастарды үлкенді сыйлауға баулу, оның нәтижесі де жоқ емес, аймақта жасөспірімдер қылмысының алдын алуда мұның тиімділігі баршылық. «Бүркіт» патриоттық клубының бастамасын мемлекеттік органдар да қолдап отыр. Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің бастамасы бойынша бір ғана клубтың қызметі жалпы қалалық ауқымдағы акцияға ұласты.Бүгінде «Нұр Отан» ХДП ақтөбелік филиалының «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, «Бүркіт» патриоттық клубының тәрбиеленушілері, Қазақстан студенттері альянсының жергілікті филиалының мүшелері және басқа да жастар қозғалысы қарттардың бақшалықтарын өңдеуге, ауланы, үй-ішін жинастыруға көмектесті, мерекелік дастарқан ұйымдастырды.