Ақтөбеде Қызыл кітапқа енген 45 аң-құс түрі қалай қорғалып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе өңірін Қызыл кітапқа енген сабаншы, қарақал, еуропа қара күзенімен қатар ителгі, дала қыраны, үкі, бұйра бірқазан, қоқиқаз, сұңқылдақ аққу секілді 20-дан астам аң-құс мекендейді. Оларды қорғау, сақтау және азықтандыру жұмысы қалай жүргізіледі? Kazinform тілшісі мамандармен тілдесті.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Елік те, қасқыр да бар – табиғи қаумалдың аға инспекторы

Ақтөбе облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты ерекше қорғалатын «Эбита» мемлекеттік табиғи қаумалының аумағы – 83 770 гектар. Мұнда бір аға инспектор және төрт инспектор жұмыс істейді. Міндет – қаумал аумағын мекендейтін жан-жануарлар мен құстарды қорғау, санын реттеу, жойылып кетпеуін қадағалау.

Фото: Алтынай Сағындықова

- Қаумал аумағында бұғы, елік, қасқыр, қабан, қоян және құстар бар. Үйрек пен қаз, сирек кездесетін құр, бүркіт мекендейді. Аққу мен тырна көктемде келіп, күзде жылы жаққа ұшып кетеді. Жануарлардың саны қыста анықталады. Ереже бойынша алдымен 10-15 шақырым аралық шаңғы немесе қарда жүретін көлікпен сызылып, ертеңіне инспекторлар із кеседі. Мәселен бұғы бізде Ресеймен екі ортада еркін жүреді. Сондықтан шекара маңында ғана санауға болады. Барлық 83 770 мың гектарды қамту мүмкін емес. Алдағыуақытта алыстан қарайтын дүрбі алуға, фототұзақорнатуға қатысты жұмыстанып жатырмыз,- дедіАқтөбе облыстық орман және жануарлар дүниесінқорғау мекемесіне қарасты «Эбита» мемлекеттіктабиғи қаумалының аға инспекторы Батырбек Шамилов.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Инспекторлар қыста орманды мекендейтін жануарларды азықтандырады. Бұл әсіресе қысты күндері қар қалың жауып, далалықтағы шөп басы көрінбей қалғанда аса маңызды. Қар қалыңдағанда бума шөп салады, жем шашып, минеральдық тұз жеткізіледі.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

- Мұны биотехникалық іс-шара деп атаймыз. Шөп, жемді алдын ала дайындаймыз. Жемді елік, қоян жейді. Сонымен бірге инспекторлар бұғыға деп көктемде қайық жапырағын жинайды. Жасыл буманы қыста ағаш бұталарына іліп қоямыз. Қар қалындап, жайылу мүмкіндігі азайған кезде бұғы еркін қоректенеді. Бір таңқаларлығы қояндар қазір адам көрсе үркіп, қашпайды. Түлкі де алаңсыз жүреді. Демек олар бұл ортада өзін қауіпсіз сезінеді,- деді аға инспектор.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Ақтөбеде 62 сүтқоректі, 214 құс түрі бар – инспекция

Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Қуаныш Демегеновтің хабарлауынша, өңірде 62 түрлі сүтқоректі, 214 түрлі құс мекендейді. Оның ішінде 10 аң және 35 құс еліміздегі Қызыл кітапқа енген. Құс пен жануар саны тұрақты.

Фото: Алтынай Сағындықова

- Ақтөбе облысының жер көлемі – 30 млн гектар. Қазақстан бойынша бірінші орында тұр. Аумақ 53 аңшылық шаруашылық субьектісіне бөлініп, 21 аңшылық шаруашылыққа бекітіліп берілді. Бәрі де әуесқой аңшылық шаруашылығын дамытып отыр. Өңірде кәсіби шаруашылық жоқ. Өйткені тек 4 және 5 санатты шаруашылық тіркелген әрі жануарлардың мекендеу ортасы төмен. Көбіне үйрек, қаз, қоян, елік және қабан аулайды,- деді Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Қуаныш Демегенов.

Соған қарамастан бұзушылық дерегі тіркеліп тұр. Биыл облыс бойынша 22 бұзушылық анықталды. Барлығы 134 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, өндірілді. Сонымен бірге 11 қылмыстық іс тіркелді. Шығын 214 млн теңгеден асады. Оның 10% ғана төленді.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

- Қылмыстық іс бойынша 8 факті киік мүйізін сақтау, тасымалдауға қатысты болды. Тағы екеуінде киікті заңсыз атып алған. Тағы біреуі Қызыл кітапқа енген ителгіні далалықтан ұстап алып, асыраған. Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес жазасын алды. Барлығы 11 қылмыстық істің алтауына сот үкімі шықты, екеуі сотта қаралып жатыр. Ал үш факті дәлелін таппай, іс қысқарды,- деді Қуаныш Демегенов.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Қызыл кітапқа енген құстар: дала қыраны, үкі, безгелдек, қарабауыр бұлдырақ, қоқиқаз, балықшы тұйғын, сұр тырна, мәрмәр шүрегей, аққұйрықты субүркіт, қызғылт бірқазан, қалбағай, қызыл жемсаулы қарашақаз, бұйра бірқазан, кіші аққұтан, ақбас тырна, қарабай, дуадақ, ителгі, сұңқылдақ аққу, тарғақ. Қызыл кітапқа енген жануарлар: қарақал, сабаншы, еуропа қара күзені, шағыл мысығы.

Аң-құсты жіберу жұмысының атқарылмағанына 10 жылдан асты

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Ақтөбедегі аңшылық шаруашылықтарының міндеті аумақты қорғап қана қоймай, аң-құсты жіберу, жерсіндіру. Алайда бұл жұмыс соңғы рет тек 2012 жылы атқарылды.

- Бекітілген территорияны қорғау міндеті бәріне ортақ. Оларда қорықшы болады. Сонымен бірге аң-құстың есебін жүргізіп, инспекцияға тапсырады. Есеп жүргізу аң-құс атуға жолдама сату үшін қажет. Ал шекаралас аумақтағы шаруашылықтарда аң-құс еркін жүреді. Мәселен қыс қатты салқын болса Ресейден Мәртөк, Қарғалы аудандарына қарай бұлан ауып келеді. Тіпті Ақтөбе қаласының іргесіне де кіріп кеткен. Жануарлар да жайлы жерге, ортаға әуес,- деді ол.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Қазіргі кезде Ақтөбе облысы аумағында 14 бұлан, 687 елік, 1700-ден астам қабан, 16 мыңнан астам қоян, 700-ден астам қарсақ, 800-ге жуық сасық күзен, 1 223 борсық, 6 мыңға жуық суыр, 127 құндыз бар. Қасқыр саны 300-ден асып отыр. Құстар санағында 153 мыңнан астам қаз, 376 мыңнан астам үйрек, 100 мыңнан астам қасқалдақ есептелді. Құр, кептер, шік те тіркелді. Бұл 2025 жылғы санақ есебі.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

- Ақтөбе облысы аумағындағы аңшылық шаруашылықтардың бір міндеті – аң-құсты жерсіндіру. Бұл шаруашылықтың жеке қаржысы есебінен жүргізілуі керек. Алайда тек 2012 жылы ғана қырғауыл жіберілді. Талап бойынша биологиялық негіздемесі бар кезде ғана рұқсат етіледі. Алдымен зерттеп, кейін ғана қолға алады. Ақтөбе шөлейтті және жартылай шөлейтті болған соң кез келгені жерсініне қоймайды,- деді инспекция бөлімінің бас маманы.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Қазір облыс бойынша бір аңшылық шаруашылық аумағы үш жылдан бері бос тұр. Конкурс жарияланғанымен, сұраныс болмады. Мұнда елік, қоян, қабан және аз ғана қаз-үйрек мекендейді. Бұл бесінші санатқа жататын шаруашылық. Яғни аң-құс өте аз мекендейді. Инспекцияның мәліметінше, Ақтөбедегі шаруашылық жерінің көбі осы санатқа тиесілі. Тек бір ғана шаруашылықта жануарларды жартылай ерікті түрде ұстайды. Аумағы 60 гектар жерді қазір елік мекендейді.

Енді тек жаяу жүріп аң аулауға рұқсат – инспектор

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Елімізде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Заң 2026 жылдың 20 маусымында күшіне енді. Заңнама биоәртүрлілікті сақтауға және жануарлар дүниесін тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Енді аңшылар дрон, түнде айналаны анық көруге мүмкіндік беретін аппараттарды қолдана алмайды. Сонымен бірге ұшақтар мен моторлы көліктерді пайдалануға тыйым салынады.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

- Аң аулауға рұқсат бар бар. Бірақ жылувизор қолдануға болмайды, түнде көруге мүмкіндік беретін құралдарды пайдаланбайды. Енді шаңғымен, жаяу жүруге ғана рұқсат. Аңшылық маусымы басталған кезде аумаққа көлікпен де кіруге тыйым салынады. Бұл жойылып бара жатқан аң-құстың санын көбейтіп, тұқымын арттыруға бағытталған жұмыс. Егер бұл талап орындалмаса жеке тұлғаға 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субьектісіне 20 АЕК, ал орта кәсіпкерлік субьектісіне 30 АЕК, ірі кәсіп иелеріне 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мұнда да қылмыстық іс-әрекеттер анықталмаса ғана айыппұл төлейді. Егер заңсыз аңшылық құрса қылмыстық жауапқа тартылады,- деді Ақтөбе облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты «Эбита» мемлекеттік табиғи қаумалының аға инспекторы Батырбек Шамилов.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Айта кетейік, қазақ жеріндегі киік саны – 4 689 000. Биыл Орал, Бетпақдала және Үстірт популяцияларында да өсім тіркелді.

 Оның ішінде Ақтөбе облысы аумағындағы Үстірт популяциясында 80 мың, Бетпақдала популяциясында 70 мың, Орал популяциясында 5 мың бас киік бар. Киік егінге түспес үшін шаруашылық аумағын күзету жұмыстарына 40 инспектор, 14 мобильді топ жұмылдырылды. Күзет 15-маусымда басталды, тамызға дейін жалғасады.

Фото: Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы