Ақтөбеде қоғамдық тамақтану орнында газ жабдығы жарылып, бес адам ауруханаға түсті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Оқиға Хромтау қаласының орталығында болды. Дәрігерлер күйік шалған адамдардың жағдайы қалыпты деп отыр.

Фото: видеодан алынған скрин

Оқиға бүгін кешкі сағат 17:45–те болды. Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы Ғ. Жұбанова көшесінде орналасқан қоғамдық тамақтану орнында су жылытатын газ жабдығы жарылды. 

— Түскен шақырту бойынша ТЖД күштері жедел түрде жіберілді. Оқиға орнына екі техника мен жеке құрамнан жеті адам барды. Оқиға салдарынан ғимараттың құрылымы, шамамен 80 шаршы метр аумақ қирады. Зардап шеккендерге уақтылы медициналық көмек көрсетіліп, бес адам ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Құзырлы органдар әзірге зардап шеккендердің кім екенін, олардың жасы туралы ақпарат бермеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оралда көпқабатты үйден өрт шығып, 14 адам эвакуацияланды