ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметінше, енді еңбек мигранттарына қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін «бір терезе» қағидаты бойынша бір жерден алуға мүмкіндік туып отыр. Көші-қон орталығы Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 249 мекенжайында орналасқан. Мекеме 13 жұмыс орнымен жабдықталған.
«Орталықтың басты міндеті - көші қон саласындағы қызметтерді алуды барынша жеңілдету. Бұрын мигранттарға еңбек ету рұқсат құжаттарын беру мен оны ұзартуға 3-5 күндей уақыт кететін еді, енді бұл процесс көші-қон орталығы арқылы 2 сағат ішінде жүзеге асырылуда. Тағы бір тиімділігін атап өтер болсақ, бұрын аталмыш қызмет түрін алу үшін еңбек мигранттары медициналық тексеруден, дактилоскопиядан өту, сақтандыру полистерін рәсімдеу мен жеке сәйкестендіру нөмірлерін алу үшін әртүлі мекемелерге жүгінетін. Қазір бұл қызметтерді бір ғана көші-қон орталығынан алуға жағдай жасалған» делінген хабарламада.
Жалпы Ақтөбе облысында ағымдағы жылдың 9 айында жергілікті атқарушы органдар 4 510 627 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның ішінде 82% электронды түрде көрсетілген. Осылайша, Елбасымыздың мемлекеттік қызметтерді 2019 жылға дейін 80% электрондық форматқа көшіру бойынша тапсырмасы Ақтөбе облысында орындалды.
Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді.