Ақтөбеде ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне арналған акцияға 1500-ден астам адам қатысты

АҚТӨБЕ. 4 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 20 жыл толуын мерекелеу аясында Ақтөбедегі ҚР Тұңғыш Президентінің атындағы саябақта «Бұл біздің Ту! Бұл біздің Елтаңба! Бұл біздің Әнұран!» атты патриоттық акция өтті.

Алаңдағы тутұғырдың қасында акцияға қатысушы - 1500-ден астам ақтөбелік жастар, студентер мен оқушылар жиналды. Олар Мемлекеттің байрақтарын ұстап, мемлекеттік рәміздерді насихаттайтын мәтіндер жазылған транспаранттарды ұстап тұрды.

Шараға қатысушылар «Көркейе бер, Туған жер!» акциясының аясында облыстың 12 ауданына сапарлаған елдің Мемлекеттік Туын қарсы алды. Ақтөбеде 10х20 метр көлемдегі Туды Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының 40 курсанты алып шықты. Ол Ақтөбеге Шалқар ауданынан келді.