Ақтөбеде құрылысы бірнеше жылға созылған екі мектеп қашан қолданысқа беріледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы Шилісай ауылы, Қандыағаш қаласы Самал шағын ауданындағы мектептер биылғы оқу жылында бала қабылдамайды. Дегенмен құрылысты осы жылы аяқтау жоспарда бар.
Ақтөбе облысында білім, денсаулық сақтау, спорт саласындағы құрылыста проблемалық нысандар әлі де бар. Мектеп, спорт кешені құрылыстың аяқталу уақыты белгілі болғанымен, аурухана ғимараты бойынша нақты шешім шықпады.
- Проблемалық нысандар құрылысы кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Шилісайдағы мектептің құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазір құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмысы атқарылып жатыр. Кейін облыстық білім басқармасының балансына беріледі. Бұл да қосымша уақытты қажет етеді. Бұл оқу жылында емес, қыркүйекте қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Қандыағаш қаласы Самал шағын ауданындағы мектеп құрылысы кезінде бірнеше тексеру жұмысы жүріп, айыппұл салынды, мердігер мекеме ауысты. Қазір құрылыс қайта жанданды. Биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.
Сонымен бірге Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаты қайта жасалды. 2018 жылы басталған құрылыс биыл аяқталуы тиіс. Денсаулық сақтау саласындағы аурухана құрылысының болашағы әзірге белгісіз.
- Денсаулық сақтау басқармасы нысанның алдағы жоспарын дәрігерлермен бірге анықтап жатыр. Басқарманың мәлімдеуі бойынша туберкулез жұқтырғандар саны азайған. Нысанды басқа бағытта салуға ұсыныс бермек. Мүмкін инфекциялық, бәлкім кардиология ауруханасы болар, - деп хабарлады Аслан Жарасбаев.
Айта кетейік, Ақтөбеде былтыр құрылысы аяқталмай тұрған 11 проблемалық нысан болды.