34-жастағы Нұржан Жидехановтың аяқ-қолы мен құлағын 1-ші және 2-ші дәрежедегі үсік шалып, ауруханаға түскен. Дәрігерлер операция мәселесін шешуде. Егер жақын күндері оның жағдайы жақсармаса, дәрігерлер оның саусақтарын кесіп алып тастайды.
Еске сала кетейік, бір апта бұрын Ақтөбедегі КА-168/3 (қоныс-колониясы) мекемесінің қызметкері, әділет майоры Нұржан Жидеханов іздеуде жүрген сотталушыларды ұстамақшы болып, машинаның маңдайшасына жармасып, үсікке шалынды. Ол мұндай жағдайға қоныс колониясынан қашқан екі адамды іздеп жүріп тап болған. Жазасын өтеушілер бір апта бұрын медициналық тексеруге кетіп, сол күйі оралмаған.
Олардың қала шетінде Тойота көлігімен қашып жүргенін естіп, майор сол жерге жеткен. Оны көріп қылмыскерлер қашпақ болғанда, Нұржан Жидеханов жүріп бара жатқан көлікке жармасып алады. Төбесіне жабысқан күйде он екі шақырым жер жүріпті. Тек тәртіп сақшылары көліктің жолын бөгеп, майор аман қалды. Көлікті тінту шараларының барысында оғы бар қару табылған.