Ақтөбе облысында медициналық кластер құру жұмысы өткен жылы басталды. Елімізде алғаш рет жедел жәрдем станциясы түрік инвесторларына беріліп, жаңа орталық салынып жатыр. Бірнеше реанимобиль жеткізілді. Ал кеше облыс әкімдігінде халықаралық сарапшылардың қатысуымен жасалған стратегиялық жоспар таныстырылды.
«Бұл үшін жоғары технологиялық медициналық қызметтердің үлесін арттыру, ішкі медициналық туризмді дамыту, кластер қалыптастырушы субъектілердің инфрақұрылымдық құрамын одан әрі жаңғырту және Ақтөбе медициналық кластерін халықаралық аккредитациялау жоспарланып отыр»,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Медициналық кластерді дамыту кезінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне басымдық беріледі.
«Медициналық кластердің тиімділігінің негізгі белгісі облыс халқының денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруы мен медициналық туризмнің дамуы арқылы көрінеді. Осы мақсаттарға жету үшін бірлесе жұмыс істеп, медицина саласының барлық субъектілерінің өзара қарым-қатынасы жақсы болуы қажет»,- деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Айта кетейік, медициналық кластер құру медициналық ұйымдар қызметтерінің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Ең алдымен, еңбек өнімділігі артып, диагностика мен емдеу сапасы жақсарады. Әрі жоғары технологиялық медициналық қызмет, стационарлық медициналық қызмет жұмыстары халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, медициналық кластерді дамыту кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті арттырып, оған шетелдік серіктестерді тарту жетістіктердің бірі болып саналады.