Ақтөбеде ірі ет кластерінің жұмысы неге тоқтап тұр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Актеп» ЖШС Қытай, Ресей мен Иранға ет экспорттады. Алайда қазір серіктестіктің ет өңдеу кешеніндегі жұмыс тоқтап тұр. Kazinform тілшісі ірі кластердің не себепті тұралап қалғанын анықтады.

Фото: Алтынай Сағындықова /архив

«Актеп» ЖШС 2012 жылы құрылған компания. Сол жылдары Канададан герефорд тұқымды сиыр алдырып, етті бағытты дамытты. Арада 8 жыл өткенде қиындықтар басталған. Бірінен соң бірі жалғасып, қазір жұмыс тоқтап тұр.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Kazinform сауалына жауап беру үшін компанияның ақпаратына сүйенді. 2020 жылы әлемдік пандемияда шектеу енгізіліп, шекара жабылды. Қытай мен Ресейге ет экспорттап отырған компания үшін бұл қиындықтың басы болды.

Фото: Алтынай Сағындықова/архив

- «Актеп» компаниясы қолайсыз нарықтық конъюктураға байланысты экспорттық келісімшарт шеңберінде дайындалған көлемді басқа нарыққа қайта бағыттай алмады. Сондай-ақ жағдайды ушықтырған басқа да жағымсыз факторлар болды. 2022 жылы Қарағанды облысында аусыл ауру өршіп, ет экспорттау қиындады. Жем құнының өсуі, тірі мал экспортына тыйым салу да кері әсер етті. Бұл жағдайлар компания қызметін тұрақтандыруға мүмкіндік бермеді. Несие төлемі кешіктірілді, банк шоттары бұғатталды және өндірістік операциялардың тоқтатуына әкелді,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.

Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі болса мемлекеттен субсидия алған компания туралы ақпаратты дербес дерек деп бағалап, несие, субсидия туралы мәліметтерді құпия санатқа қосты.

Фото: Алтынай Сағындықова/архив

- Ақтөбе облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес қазіргі уақытта «Актеп» компаниясы қаржы-шаруашылық қызметті оңалтуды ұсынды. Кредиттеуді ұзарту, жеңілдікті айналым қаражатын беру және сиыр еті экспортының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесін көтеріп жатыр. Осыған орай, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын арттыру, инвестициялық жобалардың жұмысын жандандыру және отандық өнім экспортын қолдау бағытындағы жұмыстар тиісті мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың бақылауымен әрі қарай жалғастырылады, - деп қысқа қайырды.

Kazinform «Актеп» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұрлан Сағыналинге хабарласып, мән-жайды білді. Компания өкілінің хабарлауынша, қазір Аграрлық несие корпорациясы және Қазақстан экспорттық-кредиттік агенттігі алдында қарыз бар. Сонымен бірге екінші деңгейлі банк пен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на да бережақ.

- «Актеп» - мемлекет пен бизнестің қатысуымен құрылған ірі өндірістік кешен. Ет өңдеу орны, бордақылау алаңы және репродукторды біріктіреді. Экономикалық тұрғыдан алсақ кешенді жапқаннан гөрі сауықтырып, қайта қалпына келтіру тиімді. Яғни өндірістік инфрақұрылымды пайдаланып, қайта іске қосу арқылы несиелік міндеттемелерді орындауға болады. Мемлекет салған қаржыны тиімді қайтару жолы да осы. Себебі агроөнеркәсіп жобасында ірі қараны бағып, семіртіп, етін өңдеп, дайын күйінде жеткізу тізбегі реттелген, - деп хабарлады «Актеп» ЖШС.

Компания ақпаратына сүйенсек, 2015 жылы «Актеп» компаниялар тобында «Ақтөбе ет кластері» ЖШС іске қосылды. Алға ауданында ет өңдеу кешені қолданысқа берілді. Жобалық қуаттылығы жылына 7 200 тонна болды. Сөйтіп 135 адамға арналған жұмыс орны құрылды. Сонымен бірге Алға ауданында 11 000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы, Хромтауда 10 000 ірі қараға арналған «Ақтөбе ет кластері» ЖШС репродукторы жұмысын бастады. Ақтөбе облысы мен Батыс Қазақстан облыстарында шаруа қожалықтарының жұмысы жанданды. Шағын қожалықтар ірі кәсіпорынның қызметін пайдаланды. Жем-шөп тасыды, малды бордақылауға тапсырды. Ветеринариялық және зоотехникалық қызметтер ұсынды.

Фото: Алтынай Сағындықова/архив

- 2020-2023 жылдар аралығында Алға ауданындағы қуаты 11 мың бас ірі қара малды бордақылау алаңын, Хромтау ауданындағы «Ақтөбе ет кластері» ЖШС-нің репродукторын ашу, жұмысын жүргізу үшін 1,4 млрд теңге судсидия берілді. Қаржы асыл тұқымды мал сатып алуға, селекциялық-асылдандыру жұмысына және жем-шөп бағасын төмендетуге бағытталды. Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылдан бері қарай «Ақтөбе ет кластері» ЖШС-нің ет өңдеу кешеніне мемлекеттен субсидия берілмеді. Кәсіпорын жұмыс істеп тұрған кезде жылына орта есеппен мың тонна ет өндірілді, - деп хабарлады компания.

«Актеп» ЖШС қаржылық қиындыққа тап болғанын жасырмады. Пандемия экспортқа бағытталған компания жұмысын тұралатқан. Аз ғана уақыт ішінде өнімді өткізетін өзге алаң табу қиын болды. Әрі қарай Қарағандыдағы аусыл ауруы, мал азығы бағасының көтерілуі, малды тірілей сатуға шектеу болып, несиелер өтелмеді. Банктегі шот бұғатталып, өндіріс тоқтады.

- «Актеп» компаниялар тобы Аграрлық несие корпорациясына жобаны қаржылық сауықтыру және қайта қалпына келтіру мәселесін айтты. Қарызды шегеруді, сөйтіп жауапкершіліктен босатуды сұрамаймыз. Кәсіпорын жұмысын қалпына келтіру, міндеттемелерді қайта құрылымдап, мерзімін ұзарту, айналым қаржысын бөлу, өндіріс тізбегін, өнімді өткізу және экспорттау арнасын жандандыруды ұсынамыз. Сонда кредиторлар алдындағы міндеттемелер кезең-кезеңімен орындалады. Біз өз тарапымыздан басқару тиімділігін арттыруға, ашық жұмыс істеп, кредиторлармен келісім аясында жасалатын сауықтыру жоспарын орындауға дайынбыз,- деп хабарлады «Актеп» ЖШС.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында екі жылда ет экспорты өскені айтылды.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ірі қара мал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 325,2 мыңға өсіп, 9,8 млн-ға жетті.