Ақтөбеде С.Абашев атындағы оқушылардың ІІ астрономиялық олимпиадасы өтті

АҚТӨБЕ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбеде физика-математикалық ғылымдар докторы, профессор Сәкен Абашевты еске алуға арналған оқушылардың ІІ астрономиялық олимпиадасы өтті.

Облыстық планетарий ұйымдастырған олимпиадаға қала мектептерінің 5-7-ші сынып оқушылары қатысты. Бесінші сыныптықтардың арасында №31 мектептің оқушысы Гүлфайруз Файзуллаева, 6-шы сынып оқушыларының арасында - №23 мектептің оқушысы Әділ Ғалиакбаров, жетінші сыныптықтардың арасында №17 мектептің оқушысы Роман Киреев жеңімпаз атанды. Жүлделі орындардың иегерлері ескерткіш сыйлықтармен және жипломдармен марапатталды.

Планетарий лекторы Анар Қаржауованың айтуынша, астрономиялы олимпиаданың екінші жыл қатарынан өткізіліп отырғанына қарамастан, оқушылар белсенді атсалысуда. Білім жарысына қатысуға 200-ге жуық өтініш тапсырылған. Олимпиада барысында оқушылар астрономиялық есептер шығарды.

Сәкен Абашев - Ақтөбе облысының Темір ауданында туып-өскен, Қазақстанның астрономиялық ғылымын дамытуға мол үлес қосқан ғалым. Оның жетекшілігімен және белсенді атсалысуымен Үлкен Алматы көлінің маңындағы күн обсерваториясы салынған. Ғалымның астрономия саласы бойынша әлемдік ғылымның анықтамалық қорына кірген 80-ге жуық ғылыми мақаласы бар.