Ақтөбеде ТКШ бөлімінің басшысы тағайындалды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қала әкімі Ерхан Омаровтың өкімімен Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы болып Нағымжан Алдияров тағайындалды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Н. Алдияров 1975 жылы туған. Білімі жоғары, М.Тынышпаев атындағы мемлекеттік Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын тәмамдаған. Мамандығы теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру инженері. Сонымен қатар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін экономика бакалавры бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 1997 жылы «Аққайың» өндірістік кооперативінде аға бухгалтер болып бастады. 1998-2005 жылдар аралығында Орал қаласындағы «Казагробанк» АҚ-ның Батыс филиалында, «Жүк тасымалы» МК жұмыс істеді.

2005 жылдан бастап Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі, Алға қалалық округінің әкімі болып қызмет етті. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Алға ауданы әкімінің орынбасары болды.