Ақтөбеде тұмаудың алдын алуға бағытталған семинар өтті

АҚТӨБЕ. 9 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан университетінде Ақтөбе облысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған тұмаудың алдын алуға бағытталған облыстық семинар өтті.

Семинар барысында қатысушылар мен емханалардың меңгерушілеріне, сондай-ақ жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері мен бала дәрігерлеріне, мектеп және мектеп жасына дейінгі ұйымдардың эпидемиологтары мен медициналық қызметкерлеріне тұмаудың және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған негізгі қағидалар түсіндірілді.

Жалпы алғанда 2011 жылдың 1 қазанынан 2012 жылдың 1 ақпанына дейін жалғасқан эпидемиологиялық мезгіл барысында Ақтөбе өңірінде тұмаумен ауырған адамдар тіркелмеді. жіті тыныс жолдары ауруымен сырқаттанған адамдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1, 2 есе төмендеді.