Ақтөбеде жасырын ойынхана қызметі әшкереленді

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ақтөбеде жасырын ойынхана қызметі әшкереленді. Бұл туралы бүгін елордада ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Ақтөбе қаласында облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері  жедел іздестіру іс-шаралары кезінде 2011 жылдың қараша айынан бастап заңсыз жұмыс істеп жатқан жасырын казиноны анықтады. Ойынхананы тінту барысында 6 ойын автоматы, 1 электрондық тақта, 3 покерлік үстел, сондай-ақ 5 мың АҚШ доллары мен 710 мың теңге табылып, алынды.

«Казиноның тәуліктік түсімі 1 миллион теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Оның қожайыны 55 жастағы жергілікті тұрғын әйелдің үстінен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Н.Ораз.