Бұл туралы Жас ғалымдар кеңесі қорының жетекшісі Жайық Сұлтан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ғылым дамыса, өндіріс алға басады. Кез келген жаңалық ел экономикасын өрге сүйрейді. Ақтөбеде жас ғалымдардың басы қосылып, орталық қолданысқа берілгенімен, тапсырыс аз. Ірі өндіріс орындары жергілікті ғалымдардың жобаларына емес, шетелдік зертханалардың ұсыныстарына басымдық береді.
Ақтөбелік жас ғалымдар ірі өндіріс орындарынан тапсырыс ала алмай отыр. «Ғылыми қор жобаларға грант беруді бастады. Олар біздің қолымызда жоқ өнімнің келісімшартын сұрайды. Яғни, ақтөбелік ғалымдар жасап шығармаған, өндіріске енгізбеген жобаның сатып алушысы болуы керек. Сонымен қатар, жобаның 50 пайызын ғылыми орталық қаржыландыруы керек екен. Осы талаптар ғылымның дамуына кері әсерін тигізіп келеді. Біз ірі жобаларды іске асырып, жастарды ғылым жолына бағыттағымыз келеді. Талаптар бізге кедергі келтіріп тұр»,- деді Жас ғалымдар кеңесі қорының жетекшісі Жайық Сұлтан. Ақтөбелік ғалымдар байқауға қатысу кезінде құжаттардың түгел ағылшын тіліне аударылуы қажет деген талапты орындау да қиын екенін айтып отыр. Әрі жергілікті өндіріс орындары жас ғалымдарға емес, әлемдік беделі бар зертхана қызметкерлеріне баса көңіл бөледі. «Ақтөбе ферроқорытпа зауытына, Ақтөбе хром қосындылаы зауытына бірнеше жоба әзірлеп, ұсынған едік. Мәселен, хром мен магнийді айыру жобасы да қолдау таппады. Олар тек әлемдік аты бар ғалымдармен байланыс жасауды жөн көретінін айтты. Біз техногенді қалдықтарды жою жобасын ұсынып, қолдау таппадық. Өндіріс орындары қолдамаса, ғылым сол күйі дамымай қалады»,- деді Жайық Сұлтан. Ақтөбелік жас ғалымдар ғылыммен айналысатын ғимарат пен шағын зерттеу құралдары болғанымен көбіне ресейлік зертханалардан көмек сұрайтындарын жасырмады.