Ақтөбелік мейрамханалар мен қонақүйлердің қызмет көрсету деңгейін арттыруда

АҚТӨБЕ. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбенің өкіметі жергілікті мейрамханалар мен қонақүйлердің қызмет көрсету деңгейін арттыруға ниет танытып отыр.


Қалалық әкімдік пен «Нұр Отан» ХДП филиалының қолдауымен екі ақтөбелік мейрамхананың базасында мейрамхана және қонақүй бизнесі бойынша төрт күндік семинар өтуде.

Ақтөбелік әкімшілерді, аспаздарды, бармендерді және даяшыларды Астана мен Алматыдан келген, шетелдік жұмыс тәжірибесі бар нағыз өз ісінің шеберлері - белгілі бизнес-жаттықтырушылар үйретеді.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Дәржанованың айтуынша, облыс орталығындағы мұндай семинар екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы семинар мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстары басшыларының Ақтөбеде өткен бесінші форумы қарсаңында өткен жылы ұйымдастырылған болатын.

Семинар жұма күні аяқталады, барлық қатысушылар тиісті сертификаттар алады, ал үздік әкімшілерді, аспаздарды, бармендерді және даяшыларды қалалық әкімдік марапаттайтын болады.