Ақтөбелік омарташы бір жыл бойы араға таланған

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында бал шаруашылығын алғашқылардың бірі болып қолға алған кәсіпкер Ғалимарданбек Есенаманов бір жыл бойы араға таланған. Ол «ҚазАқпарат» тілшісіне ара баптаудың қыр-сыры мен кәсіп бастаудың жолдарын айтып берді.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында мал шаруашылығы жолға қойылған. Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің туған жерінде тары шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Ал соңғы жылдары дәстүрлі емес шаруашылық, соның ішінде құлпынай егіп, бал шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлер табысты жұмыс істей бастады.

«Ақтөбе қаласында арамен ем жүргізетін Мәжит Оспанов маған бал шаруашылығын дамыту идеясын айтты. «Үш ұйықтасам түсіме кірмеген» шаруашылықты бастау қиынға соқты. Тәуекел етіп, Сарыағашқа ара ұясын сатып алуға бардым. Ол жерде Қостанайдың кәсіпкерлері араны қыстатады. Яғни, солтүстіктен оңтүстікке апарып, қыста сол жақта сақтайды екен. Алғашқы жылы бал шаруашығымен айналысу маған қиынға соқты. Ара шағып, шаршатып жіберді. Кейде көзім ашылмай қалатын. Ал биыл ағза үйреніп, ара күтіміне икемделдім»,- дейді кәсіпкер Ғалимарданбек Есенаманов.

Ойылдың балына сұраныс жоғары. Өткен жылы бал алып, дәмін көрген адамдар Алматы, Астанадан 30-60 келіден тапсырыс беруде. Базарға шығарып сатуға жетпей, омарташының үйінен жан-жаққа тарап жатыр. Әрі емдік қасиеті мол өнімнің сапасы жоғары бағаланған.

«Бал шаруашылығы мен үшін хоббиге айналды. Күн өткен сайын қызығушылығым артып, ара күтімі туралы оқып, зерттеп жүрмін. Әсіресе, қыста оқып, білгенімді жазда тәжірибе үшін қолданамын. Ынта артып, араны көбейту жоспарын құрдым. Өткен жылы шаруашылықты бастау үшін «Ауыл шаруашылығын қолдау» қоры арқылы 4,5 миллион теңге алып, оған ара ұясын таситын жүк көлігін, ара ұясын, ыдыстар мен бал шайқауыш алдым. Биыл тағы 1,5 миллион теңге алып, бал шайқауыштың қажетті құралдарын жаңартуды жоспарлап отырмын»,- деді ол.

Кәсіпкер ара үшін гүл, ағаштардың гүлдеуі өте маңызды екенін айтып берді. Ал биыл Ойылда күн жаңбырлы, салқын болды. Әрі гүл де аз.

«Ауылда жоңғышқа енді гүлдеп жатыр. Көктемгі жыңбыр, ызғардан соң күн бірден ысып кетпеді. Бұл ара үшін қолайсыз ауа райы. Енді келер жылы орман ішіне гүл егуді жоспарлап отырмын. Бір байқағанымыз, биыл алма ағашы ерекше гүлдеді. Жиде ағашы да жайнап тұр. Құлпынай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер де мол өнім алудан үмітті. Мұның бәрі араның пайдалы тұсы. Ара гүлге қонса, тозаңданады, өнім артады. Орман шаруашылығын әрі қарай дамытып, жабайы алма ағаштарын баптағым келеді. Жергілікті әкімдік қолдау көрсетуге уәде берді»,- деп атап өтті омарташы.

Айта кетейік, Ғалимарданбек Есенамановтың бал шаруашылығында араның 50 ұясы бар. Әр ұяда шамамен 75-80 мың ара орналасқан. Әр ара күніне шамамен 1 грамм бал жинайды. Ойылдың балы қан қысымын қалыпты ұстап тұруға арналған.

«Қыста араны ұясымен жертөлеге сақтап, бәрі қырылып қалды. Биыл далаға сақтаймын. Ол үшін алдымен араның ұясын қаптап, қармен көміп тастаймын. Бармақтай ғана саңылау қалдырып, олардың сыртқы шығуына мүмкіндік береміз. Ара қыста екі рет сыртқа шығып, қайта оралады екен. Ұяның іші қыста да, жазда да 35 градус ыстық болады. Бәрін оқып, зерттедім. Ұяның алдында күзетші ара болады. Бір ара ұшып кетіп, бос келсе кері қайтарып жібереді. Екінші рет бос қайтып келсе, басын шауып тастайды. Ол аңыз емес, рас сөз. Мен қыстай оқимын, жазда тәжірибе жасап, бақылап көремін. Өткен жылы екі айда 1 тонна 200 келі бал жиналды. Биыл ауа райына байланысты - аз. Бірақ алдағы уақытта бал шаруашылығын отбасылық бизнеске айналдырамыз»,- деді кәсіпкер.