Ақтөбе облысының Ойыл ауданында бруцеллез дерті анықталып, карантин жарияланғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Жергілікті мал дәрігерлер ірі қарадан қан сынамасын алып, Қаратал мен Кемер ауылындағы малды арнайы мал сою бекеттеріне өткізуге ұсыныс берді. Қазіргі кезде әрбір 15 күн сайын қан сынамасы алынып, тексеруге алынып жатыр. Созылмады ауру кез келген жолмен жұғатын болған соң мал иелері бірден союға келісім беруі керек.
«Ветеринарлық-санитарлық сараптамадан соң мал иелеріне өтемеақы беріледі. Өтемеақының 30 пайызын мемлекеттен, ал 70 пайызын ет өңдеу комбинатынан есептеледі. Биыл бұл мақсатқа 87 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазіргі кезде қанша адамның өтемеақы алғанынын айта алмаймыз. Мал сою жұмыстары енді басталып жатыр. Мал иесі құжаттарын реттеп, тапсырса ғана ақша алады. Биыл еттің бір келісі 1380 теңге болды»,- деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Канадбаев.
Ветеринарлардың айтуынша, ауру ошағы кезекті қан сынамасын алу кезінде анықталған. Өткен жылы 500 мыңнан астам бас мал тексерілді. Биыл 47 мыңнан астам малдан қан сынамасы алынып, 303 бас малдан ауру анықталды. Бруцеллез ауруына шалдыққан мал басы әр ауданда бар.
«Бруцеллезге шалдыққан малдың ішкі құрылысында өзгерістер болса, онда ет өңдеуге жіберіледі. Етін жеуге болады. Бәрін сараптама анықтайды»,- деді Кеңес Канадбаев.
Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева ауру анықталған соң тұрғындармен бес рет кездескенін айтып берді. Ауыл тұрғындары мал ауырмау үшін не істеуге болатынын сұраған.
«Ветеринарлық шектеуді пайдаланып, ауылдағы ауру малды жою керек. Мал дәрігерлер заң аясында халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Әкім мен мал дәрігері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар жұмыссыз отыр деп айта алмаймыз. Егер сойылған малдың ішкі құрылысы өзгермесе, иесіне қайтарып беруге болады»,- деді аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева.
Аурудың алдын алу үшін малға екпе жасауға болады. Бірақ ауру анықталған ошақта вакцина жасауға тыйым салғанған.
«Мал иесі аумақтық ветеринария инспекциясына хабарласып, екпе жасата алады. Ол үшін өз қаржысын жұмсайды. Бұрын мемлекет есебінен вакцинация жасалды. Кедендік одаққа енген соң вакцинация жасалған мал экспортталмайтын болды. Сондықтан өзгертулер мен толықтырулар енгізілді»,- деді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті, Ақтөбе облыстық инспекциясының бөлім басшысы Айсағали Айжарықов.