Ақтөбенің ауасы неге лас?

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің ауасы неге лас? Қоршаған ортаға келетін залалды азайту мақсатында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында өткен облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы мәселелер кеңінен талқыланды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев қатысты. Сондай-ақ босқосуға облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды, деп жазады Ақтөбе газеті.

Ауаны ағын су да ластайды

Жиында облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұловтың баяндамасы тыңдалды.

Өңірдің экологиялық жағдайы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жіті бақылауында тұр. Аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған байланысты кәріз жүйелерін қалпына келтіріп, жөндеу, өндірістік қалдықтарды тазалауға арналған локальдық жүйелерді қондыру, жинақталған қалдықтарды жою, аудан орталықтарында қатты тұрмыстық қалдықтары полигондарын салу және де басқа шаруалар жасалады.

Бекітілген іс-шаралар аясында облыстық экология департаменті өнеркәсіптік ағынды суларды төгетін 47 кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізіпті. Қорытындысында, құрамында ластаушы заттары көп ағын суларды төккені үшін 45 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы көлемі 3,6 миллион теңге айыппұл салынды.

Алға, Қандыағаш, Жем, Ембі, Хромтау, Шалқар қалалары мен Бадамша, Шұбарқұдық, Кенқияқ, Мәртөк ауылдарының ағын суларды тазалаушы құрылғыларының техникалық жағдайы экологиялық талапқа сай келмейді. Соның салдарынан ағын сулар ешқандай тазартудан өткізілмей, арнайы алаңдарға төгіліп жатыр. Қобда, Ырғыз, Темір, Байғанин аудандары мен Комсомол елді мекенінде ағын суды қабылдап алып, ағызатын құрылғылар мүлде жоқ.

Аймақтағы ірі елді мекендердегі ағын суларды тазарту үшін жаңа қондырғыларды қайта салу мәселелері шешілетін болады. Мысалы, 2016-2017 жылдары жеке сектордың кәріз ағындылары үшін 3 ағын су стансасын салу жоспарланып отыр.  Биыл Ақтөбе қаласына қарасты Кірпішті ауылы мен қаланың өндіріс аймағында ағын су стансасының құрылысы аяқталады. Мұндай станция келесі жылы 41-разъезде пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Еуропалық қайта құру және дамыту банкінің несиесімен «Ақбұлақ» АҚ биыл қыркүйекте Тұрғындар қалашығы шағын ауданында кәріз жүйелерін толық қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Бұл мақсаттағы жұмысты келесі жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Контейнер көбейтіледі, қалдықтарды өңдейтін зауыт салынады

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Нұржан Аққұлдың айтуынша, қазір өңірде бірнеше кәсіпорын қатты тұрмыстық қалдық жинаумен айналысады. Солардың бірі «Коканд LTD» ЖШС 2013 жылдың маусым айынан бері пластмасса және пластмасса бөтелке жинайды.

Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлердің маңында қатты тұрмыстық қалдықтар жинақтауға арналған 310 сызықты контейнер орнатылды. Алдағы уақытта кәсіпорындар, мектептер, балабақшалар, медициналық ұйымдар аумағында да осындай 200-300 контейнер орнату жоспарланып отыр.

Заңнама талаптарына сәйкес, әрбір елді мекенде қалдықтарды бөлек жинау жұмыстарын ұйымдастыру қажет. 2020 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау, пайдаға жарату, қайта өңдеу  мақсатында Алға, Хромтау, Шалқар, Қандыағаш, Ембі қалалары және Шұбарқұдық кенті үшін «Жол картасы» әзірленді. Сөйтіп, қалдықтарды Қазақстанның және таяу шетелдердің кәсіпорындарына жеткізуді жоспарлап отырмыз, - деді Нұржан Аққұл.

Ақтөбе қаласынан қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу мақсатында облыстық әкімдік пен «Renteh B.V.» қаржы холдингі арасында меморандумға қол қойылды. Қазір жер телімдері рәсімделіп жатыр.

КӨКЖИДЕНІ ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ?  

Жиында облыстың су ресурстарының жағдайы да  сөз болды. Шалқар көлінің батпақтану процесі жалғасып жатыр.

2012 жылға дейін гидротехникалық құрылғылар апатты жағдайда болды. Соның салдарынан көл батпақтанып, қамыс қаптап кетті, - деді Нұржан Аққұл.

Қазір көлдің түбінде қалыңдығы 1,2 метр тұнба жиналған. Сондай-ақ көлдің 30 пайызына өсімдіктер өсіп кеткен.

Шалқар көлінің түбін тазарту жобасы бірнеше мәрте салалық министрліктерге жолданыпты. Дегенмен, қазірге дейін қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ.

Тұщы су қоры өте мол Көкжиде жерасты суы кенішін сақтап қалу бағытында да жұмыстар атқарылып жатыр. Гидрогеологиялық ұңғыма торабы жерасты суларының сапасын зерттеген болатын. Қорытындысында құмдарда ластаушы заттардың бар екені  анықталды.

Су қорының сапасын қайта анықтау туралы салалық министрліктерге    ұсыныстар жасадық. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің біздің облысқа іссапары барысында да Көкжижде жерасты суларын сақтау мәселесі көтерілді. Бұл мақсаттағы жұмыстарды жалғастыру үшін облыстық әкімдікпен бірлесіп,  Инвестициялар және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану және геология комитетіне, Энергетика министрлігінің экологиялық реттеу комитетіне жерасты суларын бір жерден бақылау жүргізу мүмкіндігін, сонымен қатар Көкжиде құмдарының жерасты суларының контурын анықтау мәселесін қарастыру жөнінде тиісті хаттар жолдадық, - деді Жақсығали Иманқұлов.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Көкжиде жерасты суқоймасын сақтап қалу мақсатындағы зерттеу жұмыстары үшін қаржы республикалық бюджет есебінен қарастырылады. Дегенмен, республикалық бюджеттен қаржы қашан бөлінетіні белгісіз. Сол себепті, уақыт созбау үшін  біз Энергетика министрлігімен келісім жасадық. Зерттеу жұмыстарын жер қойнауын пайдаланушы мұнай компанияларының  қаражаттары есебінен жасайтын боламыз.

Ауаның ластануына ілеспе газдың босқа жануы да кесірін тигізеді. Ілеспе газды қайта өңдеу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бір парасы - биыл қыркүйек айында газқұбырының құрылысын бастаймыз. Инвестор анықталды. Ұзындығы 160 шақырымға жуық газ құбыры салынады, - деп түйіндеді сөзін Ғали Есқалиев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.