Жырды көкірек көзіне жеткізуші болса, оны оқудан, тыңдаудан ешқашан жалықпайтын ағайын қай жерден де табылады. Әйгілі сөз зергерінің туған жеріндегі бұл жолғы жүздесу де соны тағы бір жарқыратып көрсетті. Сахнадан орталықтандырылған кітапхана жанындағы «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшелері, аудандық «Ақұштап оқулары» байқауының жеңімпаздары Абылайхан Қуанышев, Марат Бақтығалиев, Әнуар Аманжолов сынды балауса жастар мерейгердің өлеңдерін оқығанда да алдыңғы толқынның өнегесімен өнер өріне ұмтылыс леп бергендей болды. «Әкеме» және «Анаға сыр» өлеңдерін айшықты бояуымен қанықтырып оқыған мектеп оқушылары Ақбота Ерболатова мен Индира Сауранбекова соны тіпті әйгілей түсті.
Кезіндегі қызыл империяның қазаққа әділетсіздігін, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы жастарымыздың жазықсыз азапталып, қудаланғанын еш именбей айтқан Жұбан ағасының өрлігін, намысын жырлаған «Ерлікті көзбен көрген күн» атты арнауы оқылғанда, зал тіпті толқыды. Өткен күндердің дүбірі жаңғырды.
Мерейгер халқының аппақ көңілінен өзіне күш алатынын толқи тұрып айтып, киелі қаламнан туған жырлары жұртына ой салып жатса, өзінің бақытты екені жайында сөз саптады. «Бесік тербеп отырып өлең жазамын», - деген ақберен Ақұштаптың асыл дәстүрімізді ардақтау, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты қадау-қадау міндеттер жайында толғамдары жиналғандарды және бір толқытты. Ақын адамдық парыз, ата-баба аманаты хақынды жыр нөсерін төкті.
«Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ел ардақтысына облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, аудан әкімі Нариман Төреғалиев ізгі тілектерін жеткізді. Ақын сөзіне жазылған әндер әуеледі.
Бұл Ақұштап тойының Ақ Жайық өңіріндегі жарқын қорытындысындай ерекше әсер қалдырды.