***
«Егемен Қазақстан» басылымында « Мақсат - қозы етін экспорттау » атты мақала берілген. Әдетте жыл басында туған қозыларды мамыр-маусым айларына қарай пышаққа іліктіруге болады. Қой баққан ағайындар мұндай кезде еті бал татыған бағланның «пісетінін» мәлімдеп жүр. Қазір бүкіл әлемде қозы еті өте зәру, жеңсік те шипалы тағам, ешқандай баламасы жоқ халал өнім қатарына қосылады. Тіпті, Австралия, Жаңа Зеландия секілді елдер қозы етін экспортқа шығаруды кешенді түрде жолға қойып, оны өз жерінің бренді ретінде танытуға талпынуда. «Міне, осындай бәсекеде кейін қалып қойып жүрсек, бұл ежелден мал баққан, соның ішінде қой шаруашылығы мәселесіне келгенде ешкімге есесін жібере қоймайтын халқымызға әжептәуір сын болып жүрмегей. Ұлттық брендтің бірі де осы емес пе. «Батыс Марка Ламб» ЖШС қолға алған Қазақстанда баламасы жоқ ет өңдеу кешені осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Құрылысы аяқталып келе жатқан ерекше кешен жобасы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың қаржылай қолдауы арқасында іске асуда. Оның өзгешелігі жоғарыда айтылғандай қозы етін өндіріп экспортқа шығару болып отыр»,-деп жазады мақала авторы,
Осы басылымда «Қоғамдық көлікте - интернет» деген материал берілді. Соңғы уақытта интернет жүйесі республика қалаларындағы қоғамдық көліктердің салондарына да орныға бастады.Осындай жағымды жайт шілде айының басынан бері еліміздің батыстағы қақпасы - Орал шаһарында да көрініс берді. Қоғамдық көлікте интернеттің жүргіншілер игілігіне берілуіне еуразиялық сипаттағы облыс орталығының «Қазақстан Wi-Fi Bus» атты ауқымды жобаға қосылғаны оң септігін тигізді. Бұл озық жоба арқылы интернет қызметін сымсыз, әртүрлі жалғауларсыз емін-еркін пайдалана беруге болады. Тек оған көмекші тетік ретінде қосымша қондырғы орнатылса жетіп жатыр. Әзірге Орал қаласында интернет жүйесі орнатылған автобустар мен қоғамдық көліктер саны шектеулі. Әйтсе де, таяу күндерде оның санын өсіру көзделген.
*** «232 қазақстандық ғалым шетелде тұрып жатыр. Бұл - Білім және ғылым министрлігінің таратқан ақпараты. Қазақстандық ғалымдардың шетелге кетуінің сыры неде? Қазақ ғылымы неге «тәлтіректеп» тұр? Білімді маман неге шетелде қалып қоюға тырысады?»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Ақылды бастар» елге орала ма?» атты мақаласында. Деректерге сүйенсек, бүгінде қазақ ғалымдарының көбі Ресейде, АҚШ-та, Германияда тұрып жатқан көрінеді.
Осы басылымда «Жемқорлықты жоятын жаңа бағдарламаның жобасы жарияланды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыратын жаңа бағдарлама жобасын қоғам талқысына ұсынды. Кеше Орталық аппаратта партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жобаны бес айдан бері дайындап шыққан арнайы жұмыс тобымен кеңес өткізіп, жарияланатын құжаттың басты ерекшеліктерін атады. «Нұр Отанның» XV съезінде партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Саяси көшбасшылықтың принципті мәселесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясын әзірлеуді» тапсырған болатын. Аталған тапсырманы жүзеге асыру және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын жасау мақсатында партия жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмыс тобы құрылып, нәтижесінде бес айлық жұмыстан кейін біз қолымызға бағдарлама жобасын алып отырмыз. Енді оны Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалың бұқараның талқылауына ұсынамыз»,-деді Б. Байбек.
***
«Бүгінгі таңда қазақ театрын әлемге танытатын қазақ драматургиясының жаңа толқынымен мақтана алмауымыз қынжылтарлық жайт болып отыр. Тіпті 45 пен 55 жас арасындағы пьеса жазғандарды жас драматург деп айту әдетке айналды. 60 пен 70 жас аралығында алғаш пьеса жазып драматург атанып жатқандар да бар. Оларды жас драматург деп айтып жатуымыз осынау театр өнеріне жетістік емес екені анық. Осы орайда көкейімізге «Ұлттық театр болашағынан үміт күттіретін дарынды жастар толқынын қалай қалыптастырамыз?», «Жас драматургтер неге жоқ?» деген сауалдар еріксіз ойға оралады»,-деп жазады «Ана тілі» газеті соңғы санында. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі қазақ мәдениетін дамытуға жаңа серпіліс қажеттігі туындады. Ұзын саны 60-тан асатын қаншама кәсіби театрлар бой көтерді. 31 қазақ театры, 9 қуыршақ театры, 16 орыс, 4 ұлттық, 6 жекеменшік театр бар. Бұл мәселені арқау еткен көлемді мақала «Жас драматургтер неге аз?» деген тақырыппен берілген.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «С дипломом в седло» атты мақала басылды. Қала күнінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов елордада қоғамдық көліктің жаңа түрін, яғни велошейринг жүйесi бойынша қоғамдық велосипедтер стансалары жобасын іске қосты. Осы тектес велостансалар әлемнің көптеген елінде жұмыс істеуде. Адамдар тиісті ақысын төлегеннен кейін велосипедті арнайы тұрақтан алып, діттеген жеріне жеткеннен кейін, оны дәл осындай жалға беру бекетінде қалдырып кетеді. Стансалар автоматты режімде жұмыс істейді.
-