Бұл туралы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі «Қаладағы энергия тиімділігі» атты 6-шы болашақ энергиясының форумында «Астана Innovations» АҚ-ның басқарма төрағасы Олжас Сартаев хабарлады. Ол «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында бас қалада жүзеге асырылатын жобалар жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Бірінші жоба - фото және бейнежазба жүйесі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік сызбасы бойынша қаржыландырылатын жобаға жалпы құны 8,4 миллиард теңге қаражат қажет. Осы мақсатта Астанада арнайы орталық жабдықталған. Орталықтың негізгі артықшылықтары мыналар: нақты уақыт тәртібіндегі бейнебақылау жүйесі, онлайн-тәртіптегі бейнесараптаманың болуы, бейнежазбаны 30 тәулікке дейін сақтау, белгілі бір бағытта қозғалып бара жатқан көліктің мемлекеттік нөмірі бойынша бағдарын білу, жолда жүру ережелерінің бұзылуын қолма-қол тіркеу және тас жолда жүйткіп бара жатқан автокөліктің жылдамдығын автоматты түрде анықтау.
Екінші жоба - «ақылды» көше шамдары. Бұл жоба шеңберінде елорда көшелеріндегі 25 мыңнан астам ескі шамдарды қазіргі заманғы жарық диодты шамдарға ауыстыру көзделген. Бұл жоба жүзеге асырылған жағдайда көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын электр қуатын 60 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шамдарды күтіп-ұстауға кететін шығындар да азая түседі. Оның кәдімгі шамнан айырмашылығы, 15 жылға дейін тозбай қызмет етіп, атмосфераға таралатын көмір қышқылы газының қалдығын төмендетеді және тәуліктің қай мезгіліне қарамастан көшелерге үздіксіз жарық беруді реттеуге жол ашады. Айта кетелік, қала билігі 2018 жылдың соңына дейін елорда көшелеріндегі барлық ескі шамдарды жарық диодты шамдарға алмастыруды жоспарлауда.
Олжас Сартаев пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК - авт.) жұмысын автоматтандыруға жол ашып, олардың тұрғындармен арадағы қарым-қатынасын жеңілдететін «е-ПИК» жобасы жөнінде де мол мағлұмат берді. «Е-ПИК» жобасы бас қаладағы 150-ден астам ПИК-ті немесе барлық ПИК-тердің 30 пайызға жуығын қамтиды. Нақтырақ айтсақ, бұл кем дегенде 1,7 мың пәтер немесе 300 мың азамат автоматтандырылған жүйеге жалғанады деген сөз»,- деп түсіндірді О. Сартаев. Оның пайымдауынша, электронды ПИК мекеменің қызмет түрлерінің сапасын арттырып, жұмысының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар қала аумағындағы алуан түрлі қызметтердің рейтингісін жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін бағдарлама жасаған отандық 5 компания таңдап алынған. Олардың арасында тестілеуге көшетін ПИК-тер де бар. Шамамен бір айдан кейін іске қосылатын жоба жекеменшік инвестициялар есебінен қаржыландырылған.
«Астана Innovations» АҚ-ның басшысы «Смарт Астана» мобильдік қосымшасының жаңа жобасы туралы да мағлұмат берді. Бұл жоба ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында іске қосылды. Соның нәтижесінде 13 санат бойынша 30-дан астам қызмет түрлері ұсынылып отыр. Олардың қатарында мемлекеттік, қалалық қызметтер, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық көлік, туризм, коммерциялық қызметтер, ойын-сауық, хабарламалар, жаңалықтар, қаладағы оқиғалар және «Белсенді азамат» бар. Бұған қоса, қосымша арқылы ауа-райы, ақша бағамы, намаз кестесі туралы да жылдам ақпарат алуға болады. Бүгінге дейін аталған қосымшаны 110 мың адам мобильдік құрылғыларына көшіріп алыпты.