Ақылы бөлімдегі кейбір студенттер грантқа ауысуы үшін 500 мың теңге көлемінде пара береді - «Жас Отан»

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында «STOP Қылмыс» жобасы аясында жүргізілген «Таза сессия» акциясында жоғары оқу орындарында грантқа ауысу айнасындағы жемқорлық әрекеттерін анықтады.

Бүгін Партиялық бақылау комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңесі және «Жас Отан» жастар қанатының бірлескен отырысы өтіп, онда жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды.

«Республика бойынша дипломдық жұмыстардың орташа құны 60 000 теңгеге тең, сондай-ақ ең арзан жұмыстарды шамамен 30 000 теңгеге тауып алуға болады», делінген Жастар қанатының мәліметінде.

Бұдан бөлек, өзге өңірлерден келген студенттер үшін жатақхана мәселесі өзекті. Белгілі бір көлемдегі сомаға еш кедергісіз қажетті орындарға қол жеткізуге болады екен.

«Ол үшін тиісті адамдарға ақша төленуде. Мысалы, еліміз бойынша жоғары оқу орындарында жатақханадағы бір орынның орташа баға 15 мың теңгені құрайтын көрінеді», делінген сауалнама деректерінде.

Мұнымен қоса, жемқорлық әрекеттері арқылы басқа да мәселелер шешіуге болады. Мәселен, ақылы бөлімдегі оқитын студентті грантқа ауыстыру үшін 500 мың теңгеге жуық қаржыны құрап отыр, ал өңірлерде осындай іс-қимылдарға 100 мың төлеу керек екен. Еліміз бойынша бұндай әрекеттердің орташа құны 250 мың теңгеге бағалануда. Сонымен қатар, әскери кафедраға түсу үшін 500 мың теңгені беру керек. «Акция нәтижесі бойынша студентер жоғары оқу орындарында жемқорлыққа түрткі болатын бірқатар себептерді алға тартуда: студенттердің оқуға деген қызығушылығының жоқтығы (20,8%), бақылаудың жүргізілмеуі (18,3%), оқытушылар жалақысының төмендігі (17,3%)»,- деп атап өтілген таратылған мәліметте.

Сауалнамаға қатысқандардың тоқсан пайызы оқу орындарында жемқорлықтың бар екендігін атап өткен.